Құбылмалы ауа райы Ақжайық шағынауданындағы тұрғындардың тынышын қашырып тұр. Күнара жауған жауын суы Аппаз Қаламбаев көшесін көлшікке айналдырады. Жаяу жүргінші түгілі көліктердің де жүріп-тұруы қиындаған. Ал 112-орамдағы Шиелі көшесіндегі №40 үй құлауға шақ. Ирригациялық жүйенің жоқтығы сладарынан үйдің ауласына су жиналып, іргетасын сөккен.
112-орамдағы Шиелі көшесіне осыдан үш жыл бұрын асфальт төселген. Содан бері мына үйдің тұрғындары тыныштықтан айрылдық дейді. Жауын суы ағып кететін ирригациялық жүйенің жоғынан үйдің ауласы көлшікке айналған. Ол аздай, іргетасы сөгіліп, қабырғалары қарс айрылған. Жеті жыл бұрын көп қабатты үйден көшіп келген Ізтай Лейла барлық бөлмесінің адам шошырлық жағдайда тұрғанын көрсетіп, сан рет комиссия шақырғанын айтады.
Лейла Ізтай, Шиелі көшесі №40 үйдің тұрғыны: «Комиссияның шешімі көңілімнен шықпады. Бірінде абай болуға шақырса, екіншісінде қабырғасы сөгілген бөлмелерге кірмеуімізді талап етті. Ол бөлмелер күннен-күнге қорқынышты болып барады, бөлмеаралық есіктер де жабылмайды. Қазір біз кіреберісте отырмыз. Өйткені барар жеріміз жоқ. Әр жаңбырда үй астында қалып кетеміз бе деп қорқам».
Үйдің барлық бөлмесі құлауға шақ. Әр жаңбыр сайын ауладан 10-12 көлік су тартылып, тасымалданғанымен, үйдің іргетасы сөгіле басталған. Бұл жағдайдан жауаптылар хабардар. Бірақ, көршілерінің бейғамдығынан ирригациялық жүйенің жүргізу мүмкін болмай отырғанын алға тартады.
Ерлан Есіркепов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Мамандар сызбасын сызып, 18-20 үйдің арасынан жүйе өту керек еді. Тұрғындар қарсылық білдіріп отыр. Ирригацияны жүргізуге. Сол себепті жауын суын «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің күшімен сорып отыр. Енді келешегінде аудан әкімшілігімен келісе отырып, қосымша жұмыс жүргіземіз бе, тұрғындармен жеке-жеке жұмыс істейміз. Жалпы, ол кісінің үйі қараусыз қалып жатқан жоқ».
Ал Ақжайық шағынауданындағы Аппаз Қаламбаев көшесінің тұрғындары жаңбыр жауса, жүруден қалады. Көшенің тарлығынан арық-атыз жүргізілмеген. Соның салдарынан көше көлшікке айналады. Шағынаудандағы мектепке барар жол да сол. Оқушылар су кешіп сабақ оқыса, тұрғындар темір тұлпарларын тізгіндейді. Оның өзі жартылай суға батып, әзер өтеді. Ал жаяу жүргіншінің көргенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Ерлан Есіркепов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Көше жартылай асфальтталған. Ирригациялық жүйе жоқ. Оны қосымша биылғы сметаға қосуға әрекет жасап жатырмыз. Ары қарай ұсынысқа береміз, егер бюджет қолдап жатса, биылдан қалдырмастан жұмыс атқарамыз».
Екі мәселенің түйінін шешу тағы да қаржыға келіп тіреледі. Ал оның қашан мақұлданып, қашан бөлінетінін уақыт көрсетеді. Оған дейін көлшікке айналған көшеде жүріп, үйдің қабырғасын қолдан жамаудан басқа амал жоқ.