ОҚО полицейлері көлік ұрлығына қатысы бар 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Төле би АІІБ-нің полиция қызметкерлері жедел іздестіру шарасы барысында жергілікті тұрғындардың автокөлігін ұрлаған жергілікті тұрғынның ізіне түседі.
Тергеу барысында 1995 жылы туған жігіттің ақпан айында орын алған 5 автокөлік ұрлығына қатысы бары анықталды. Жас азамат аулада, үй маңында көліктерінің есіктерін ашық қалдырып кеткен азаматтардың жауапсыздығын пайдаланып, машиналарын ұрлап отырған. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 4 миллион теңгені құрайды.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 200-бабымен (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз иеленіп алу) іс қозғалды. Күдікті қамауда. Айғақты зат ретінде тәркіленген автокөлік өз иесіне тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.