Ұзынарық ауылында жеке кәсіпкерлер қатары артып келеді

518

Аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің бастамасымен ауылдық округтердің жағдайын саралап шығу үшін құрылған топтың кезекті жұмыстары Қоғалы ауылдық округінде жалғасын тапты.

Ауыл азаматтарының тұрмыс-тіршілігін қарап шыққан топ Диханкөл елді мекенінің клубында тұрғындармен ашық әңгіме құру үшін жиын өткізді.

Жиын басында Алшалы елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Оразбаева Перизаттың «Peri Milk» АШӨК жұмысымен және үй іргелік бақшасымен танысты. Ұзынарық елді мекенінің тұрғыны жеке кәсіпкер «Байғұл» Сыдыков Есболаттың мал шаруашылығы бағытындағы салынған қора жайын, Исаев Бақтиярдың үйінен ашқан саумал қымызбен емдеу кәсібін көрді.

Аралау жұмыстарынан соң аудан әкімі ауыл тұрғындарының қатысуымен аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының зерделеу жұмыстарын тыңдады.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қоғалы ауылдық округінің 50,73 гектар жері мақсатына сай пайдаланылмай жатыр. 20 жер учаскесі тұрғын үй мақсатында берілгенімен бос жатыр. Ауылдық округтің тұтыну балансы бойынша өнімнің 4 түрі сыртқа сатылады, 17 түрі сырттан әкелінетіндігі анықталған. Яғни, елді мекендердегі 433 үй үйіргелік жерлерін тиімді пайдаланып көкөністерді, басқа да дақылдарды ексе, 187 отбасы тек жеміс-жидек ағаштары мен жоңышқа дақылдарын егіп пайдалануда.
Әлеуметтік сала бойынша округте Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында келелі жұмыстар жасалған. Атап өтер болсақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 9 адам, жастар практикасына 7 адам, қоғамдық жұмысқа 16 адам, бос жұмыс орындарына 47 адам, жаңа жұмыс орындарына 4 адам жолданған. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысуға 2019 жылы 7 азамат «Бастау Бизнес» сертификатын алып несиеге өтініш білдірген. Нәтижесінде несие алуға 7 адамға жолдама беріліп, 3 адам несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.

Аралау барысында жұмысшы топ атаулы әлеуметтік көмектің, шартты ақшалай жәрдемақы алған отбасылардың мекен-жайларын аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Шартты ақшалай көмек алған отбасылардың ішінде 1 отбасы 7 дана тоңазытқыш, 4 дана газплита және қымызға арналған құрал жабдықтар, 18 отбасы – 22 жылқы, 67 отбасы – 89 ірі қара мал, 33 отбасы – 23 қой алған.

Б.Омарбеков айтылған талдаулардан соң округ тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қойылған сұрақтарға тиісті жауаптарын беріп, үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану, қасбеттерді реттеу, округтегі арықтардың, каналдардың тазалық жұмыстары сынды бірлесіп атқаруға болатын істерге бір кісідей атсалысуға шақырды.

 

QAINAR KÓZ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі