Текесу ауылында төтенше жағдай. Төтеннен жауған жауын соңы бұршаққа ұласып, жайылымдағы төрт-түлік зардап шекті. Құйындата жауған жаңбыр суы ағып, ауыл маңындағы су қоймасына құйған.
Соның салдарынан жайылып жүрген 210 жылқының 30-ға жуығы суға тұншығып қалған көрінеді. Әзірге өлген малдың нақты санын басып айтуға ерте. Сондай-ақ, сиыр мен ұсақ малдар да су астында қалған дейді тұрғындар.
Жан-жаққа хабар берген ауылдықтар суға кеткен түлігін түгендеп жатыр. Ал құтқарушылар қайықпен жүзіп, тоғанның бетінде қалқыған жануарлардың денесін жағаға шығаруда.
Оқиға орнына Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжан бастаған билік өкілдері келді. Әкімнің айтуынша, шығынның көлемін Әл Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлерінен құралған комиссия анықтауда.
Әзірге мал иелеріне өтем бола ма, жоқ па, белгісіз. Оны комиссия мүшелері әбден зерделеп, анықтап барып шешеді дейді аудан басшылығы. Бұған қоса Ынтымақ көшесінде екі үйдің сарайы су астында қалды. Қатты нөсер елдімекендегі ағаштарды құлатып, газ құбырын да қиратып кеткен.
Ернар Балабеков