Нөсер жаңбыр мен бұршақтан ғимараттарға зақым келген

76

Шымкентте демалыс күндері күн күркіреп, бұршақ жауды. Кей тұрғындар нөсер жауынды нұрға баласа, енді бірінің кәсіпкерлік нысаны бүлініп, шығынға батты. Ал қала көшелері шалшық суға малынып жатыр.


Шымкентте демалыс күндері табиғат тосын мінез танытып, күн күркіреп, бұршақ жауды. Жаздың күні мұндай жайтты күтпеген тұрғындар әлеуметтік желіде қандай қорқынышты болғанын жарыса жазып жатыр. Ал тоқтаусыз жауған нөсер салдарынан қаланың басты көшелері Венецияға айналды деуге болады. Оған қоса кәсіпкерлік нысандарға ағаш құлап, ғимараттар зардап шекті.

Синоптиктер ауа-райының күрт өзгеретіні жайында тұрғындарға бірнеше рет хабарлама жіберген. Алайда халық мұндай жайтты күтпеген көрінеді. Қала жұртшылығы дәл мұндай нөсер сирек кездесетінін айтады.

«Терезеден көрдік. Сұмдық болды. Бұршақтар үлкен, бас жаратындай болды. Мұндай бұршақты бірінші рет көріп тұрмын»
« Сұмдық. Қорқынышты болды. Біздің магазиннің алдын су шайып кетті.» – дейді қала тұрғындары.

Ал коммуналдық қызметкерлер жауын басылысымен қаланы судан тазалау жұмысына кіріскен. Ол үшін 5 компаниядан 50 техника, 16 су сорғыш құрылғы тартылды. Қазір жұмысшылар кезек-кезегімен ауысып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметі де қаланы қалыпқа келтіруге атсалысып жатыр.

Агзам Саипов, Шымкент қаласы ТЖД дағдарыс жағдайларында басқару басқармасының бастығы: «Жалпы, бізде 37 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Содан кейін 12 маман мен 11 мотопомпы бар. Ең көп бізде Абай ауданы 5 жерде, Әл-фараби ауданында 2 жерде, 1 жер Еңбекші ауданында тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы 367 м3 су тартылды.»

Мамандардың мәліметінше үшінші мегаполисте апта аяғына дейін салқын ауа-райы күтіледі. Ал қыркүйектен бастап күн қайта жылынбақ. Сондықтан синоптиктер сақ болуға шақырады.