Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Төлеби ауданындағы әлеуметтік нысандарда болып, жұмысымен танысты. Жұмысшы топ ең алдымен Киелітас ауыл округіндегі «Газпромнефть-Битум Қазақстан» зауытын көріп, жұмысшыларымен сөйлесті.
Автокөлік жолдарына арналған битум зауытының өнімі еліміздің үш облысы – Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанның тасжолдарында қолданылады. 2011 жылы үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған зауытта биыл 170 мың тонна битум өндірілді. Осы жылдан бастап Тәжікстан мен Өзбекстанға дайын өнім эспорттай бастаған өнеркәсіп орнында жергілікті 80 адам жұмыспен қамтылған.
Зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық болған Жансейін Түймебаев жұмысқа жергілікті халықты көптеп тарту ісіне назар аударып, зауытты кеңейту жолдарын қарастыру керегін айтты.
Мұнан соң әкім аталған елдімекенге қарасты асыл тұқымды құс шаруашылығы «Қызылжар» компаниясын аралады. 8 га жерге орналасқан құс фермасында 28 мыңға жуық Хайтекс Браун тауықтары тәулігіне 28 мың дана жұмыртқа береді.
Жергілікті 30 адамды жұмыспен қамтыған серіктестік жылына 2 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салмақ. Бұл ретте аймақ басшысы аудан әкімі Бұхарбай Пармановқа құс шаруашылығына қосымша жер беруде жергілікті әкімшілік тарапынан қажетті қолдау жасауды тапсырды.
Кемеқалған ауыл округіндегі «Алма-тау» демалыс аймағы да жұмысшы топтың назарынан тыс қалған жоқ. Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін барлық жағдай жасалған аймақта жергілікті 120 адам екі ауысымда жұмыс істеп, келушілерге қызмет етеді. Екі жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге облыс әкімі қолдағы бар жағдайды қаржы көзіне тиімді айналдырып, шетелдік және жергілікті компаниялармен, оқу орындары, зауыт, фабрикалар сынды құрылымдармен келісім-шарт жасап, отандық туризмді дамытып, бизнесті өркендету керегін ұсынды.
Мұнан соң өңір басшысы аудан орталығы Леңгірдегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, кеңес алушы болашақ кәсіпкерлермен тілдесті. Жауапты мамандарға жедел әрі тиімді қызмет көрсетуді тапсырған Жансейіт Қансейітұлы бизнесті бастаушы азаматтардың жұмысына сәттілік тіледі.
Соңғы нысан шаһардағы П.Тәжібаева атындағы 800 орынды мектеп болды. Күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алу ісінде кешеуілдеуге тап болып, мерзімінен кеш басталған жөндеу 25 желтоқсанға дейін аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі таңда мектеп оқушылары 22 автобуспен 2 мектепке тасымалданып, оқытылуда. Бар мәселеге қаныққан облыс әкімі мердігер мекемеге жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде тапсыруды жүктеді.
Төлеби ауданына жұмыс сапары соңында Жансейін Түймебаев ауданның активімен кездесті. Аудан әкімі Бұхарбай Парманов жыл басынан бері атқарылған ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады.
Қорытынды сөзді алған аймақ басшысы Төлебидегі бірқатар салалар бойынша сын-ескертпелер жасады. Таулы аймақтағы туризм саласын одан әрі дамытып, бюджетке түсетін салық көлемін арттыруды тапсырған бірінші басшы бұл ретте жерді тиімді пайдаланып, одан экологиялық таза, табиғи өнімді алу керегіне назар аударды. Сонымен бірге әр мемлекеттік қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, өңіріміздің өсіп, өркендеуінде патриот болуға шақырды.