Ашытқыда формалин бар ма

724
Шымкентте нан қымбаттады

Сенат депутаттары азық-түлік нарығындағы нанның сапасына күмән келтіруде. Нақтырақ айтқанда сенатор Ляззат Қиынов дүкендегі нанның дәмі жоқ екенін айтып, оны пісіруге қолданылатын ашытқыда денсаулыққа зиян химиялық қоспалардың бар болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады. Ал салаға жауаптылар соңғы кездері нан сапасының төмен болуын растап, бидай егілетін алқаптардың қысқартылатынын айтып отыр.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты нан өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлердің жұмысын өткір сынға алды. Ләззат Қиыновтың айтуынша, мәйітханада қолданылатын формалин улы заты нан ашытқысын дайындаған кезде пайдаланылады екен.

Ләззат Қиынов, парламент сенатының депутаты: «Бұрынғы кеңес одағынан келе жатқан, қазір де қолданатын ашытқылар улы көрінеді. Олармен нан пісіруге мүлдем болмайды екен. Себебі ашытқыны ойлап тапқан адамның өзі нан пісіруге қолдануға болмайды деген. Ол ашытқыда формалин бар. Ал формалинді, мысалы, мәйітті бұзылып кетпеу үшін пайдаланады.»

Елді елең еткізген мәлімдемеден кейін ауыл шаруашылығы министрінің бірінші министрі Қайрат Айтуғанов мұндай жағдайға ауа райының өзгерісі, тыңайтқыштар мен түрлі аурулар себеп болды дейді. Сондықтан ведомство бидай егілетін алқаптарды 2 миллионнан астам гектарға қысқартумен айналысып жатыр. Оның орнына майлы және бұршақ дақылдарын егуге басымдық берілмек. Тек биылдың өзінде оларға бөлінген егістіктердің көлемі 540 мың гектарға артады.

Қайрат Айтуғанов, ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары: «Бидайдың сапасы жыл сайын төмендеп барады. Біріншіден, ауа райы өзгеріп, ылғалдылық жоғары болып тұр. Екіншіден, шамамен 10 жыл бойы тыңайтқыш себілмеді. Жердің құнары кетті. Түрлі аурулар пайда болып жатыр.»

Ал дәрігерлер нанның құрамында формалиннің табылуы адам өміріне қауіпті дейді. Өйткені улы зат дизенфекциялау кезінде қолданылады. Оған қоса медициналық мекемелерде мәйітті ұзақ сақтау үшін пайдаланылады.

Әсия Өмірғазина, дәрігер-терапевт: «Формалин ашытқының құрамында болмауы тиіс. Себебі бұл зат дизенфекциялық мақсатта және терінің секрециялық қызметін төмендету үшін пайдаланылады.»

Өңірде формалин қоспасы бар тағамнан улану жағдайы тіркелмепті. Сондықтан, болар жергілікті наубайхана қызметкері әдеттегідей жұмыстарын жалғастыруда. Тіпті нан өнімдерін сан түрін пісіріп, тұтынушының сұранысына қарай қажеттісін әзірлеуге дайын.

Нан күнделікті ас мәзірінен түспейді. Сол себепті оның нарықтағы саудасы әрдайым қызып тұрады. Ал нанды пісіруге қолданылатын ашытқыда денсаулыққа зиян химиялық қоспалардың бар-жоғы әзірге тексерілуде. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң өнімнің сапасын төмендеткендер жауап береді.

Лаура Нахыпқызы