«Автоцонда» жүргізуші куәлігін қалай алады?

2478

Қаладағы мамандандырылған ХҚКО-да автокөлікке қатысты барлық қызмет түрлері орталықтандырылған жүйе бойынша көрсетіледі. Мұнда жүргізуші куәлігін алуға, көлікті қайта тіркеуге, көлік салығын төлеуге, мекен жай, медициналық анықтама алуға болады. Аталған орталықтың табалдырығын аттаған адам ең әуелі анықтама бюросынан кезекке талон алудан бастайды. Осы жерде қай бөлімге бару керектігін айтып, жөн көрсетіп, жол сілтейді.

Автокөлік мектептерін бітірмей-ақ емтихан тапсырып жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік бар. Болашақ жүргізуші өзі дайындалуына болады. Ол үшін онлайн режимдегі оқыту бар, түрлі дискілер, кітапшалар көмекке келеді.

Емтихан екі бөлімнен тұрады. Теориялық және практикалық. Арнайы жабдықталған емтихан бөлмесінде сынақ тапсырады. Берілген 40 сұраққа мүмкіндігінше дұрыс жауап берген жөн, әрине. Оған 40 минут уақыт беріледі. Егер де 32 сұраққа дұрыс жауап берілген жағдайда «5» деген баға дайын. Одан кейін автодромға барып көлік жүргізу сынағынан өтеді.

Жүргізуші куәлігін алғаш рет алғанда не жоғалған жағдайда, мерзімі өтіп кеткенде, ата-тегін ауыстырғанда қайтадан алуға болады. Медициналық анықтама жинау үшін бұрын қаланың әр тарабына барып сандалуға тура келетін.

Мұнда №083 медициналық анықтамасын алу үшін психоневрологиялық, наркологиялық тексеруден өту қажет. Содан кейін окулист, лор, хирург, невропатолог, терапевт тексереді. Үміткердің наркологиялық орталықта тізімде бар-жоғы республикалық база бойынша тереңдетіп тексеріледі.

Жомарт Нұржанов

Жомарт Нұржанов, Мамандандырылған ХҚКО басшысы:
– Ықпаландыру-ақпараттық, интерактивтік жүйе жұмыс істейді. Ол арқылы қанша құжат қабылданды, оның қаншасы орындалды соның бәрі тізімге алынады. Автодром заманауи стандартқа сай жабдықталған. Орталықта жалпы саны 36 камера, 3 жеңіл автокөлік, 2 автобус, 1 жүк көлігі бар.

Дәрігердің сүзгісінен өткеннен кейін ғана кассаға 2 500 теңге төлеп, анықтамаға қол жеткізуіне болады. Бұл арнайы бекітілген баға. Неге қымбат деушілерге жауап дайын. Өйткені наркотестердің бағасы арзан тұрмайды. Ал психо-неврологиялық тексеруден өтудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен бұл анықтама тегін. Осы асулардан өткеннен кейін суретке түсіп, қолына қолхат алып емтихан бөлмесіне барады…

Ең алдымен автодромдағы макетпен таныстырады. Қандай тапсырмаларды орындау керектігін. Онда 20 минуттың ішінде 12 тапсырманы орындау қажет. Беріліс қорабы механикалық не болмаса автоматты ма қайсысымен тапсырамын десе емтихан тапсырушының өз еркінде. Көлік ішінде қойылған дауыс ұлғайтқыш дұрыс орындалған, орындалмағанын айтып отырады. Ол телемонитор арқылы бақыланады.

Көлікті артқа жылжыту, көпірден өту, темір жол өткелінен өту сынды тапсырмалар бір қарағанда оңай сынды көрінгенімен бәрібір өзіндік қиындықтары бар. Жүргізу емтиханынан соң кеткен қателіктер мен дұрыс орындалғандары арнайы емтихандық қағазға толтырылады. Бұл жерде төреші камераны бақылап отырған адам емес, арнайы бағдарламалық жүйе. Ол түзету енгізуге «көнбейді». Яғни, адамның қатысуынсыз анық та дәл бағасын береді. Жүргізуші куәлігін алу үшін үміткерлердің үш рет емтихан тапсыруға мүмкіндігі бар. Ал егер одан да «құласа», 6 айдан кейін қайталап тапсыруына болады.
Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін алу үшін бір апта бұрын бару қажет. Олай болмаған жағдайда айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Қайта алу үшін қажетті құжаттар: жеке куәлік, мекен жай анықтамасы, №083/у медициналық анықтамасы, наркологиялық және психдиспансерден анықтама, жүргізушінің жеке кәртішкесі, ескі жүргізуші куәлігінің түпнұсқасы, мемлекетттік алым салық. Егер мерзімін өткізіп алсаңыз жол жүру ережелері бойынша және көлік жүргізуден қайтадан емтихан тапсыруыңызға тура келеді.

Зафар Юлдашев

Зафар Юлдашев, жүргізуші:
– Көлігімді қайта тіркеуден өткізу үшін келгенмін. Бұрын бұған бір апта уақыт жұмсайтынбыз. Қазір расын айтқанда жақсы болып қалды. Құжаттарды бір жерден дайындап береді. Сабыр сақтап, аз ғана уақыт күтсеңіз болғаны. Өз басым бұл орталықтың жұмысына ризамын. Бұл орталықты табу оңай емес. Қала орталығына ұзақтау. Сосын жол бойында белгі, жол сілтегіш мүлде қойылмаған. Сұрай-сұрай әзер табасың. Осы кемшілікті түзесе екен.

«Достық» шағынауданында орналасқан орталықты табу оңай емес. Көше бойына жол сілтегіш мүлде қойылмаған. Не көшенің атауы жоқ. Анықтама телефоны тағы жоқ. «Айдалада ақ отаудың…» кері. Осы олқылықтың орнын толтырса екен, ертерек…

Гүлжан ЖҰМАШ