Úı ANONS Демографиялық серпіліс: Түркістан облысы тағы да көш бастады

Демографиялық серпіліс: Түркістан облысы тағы да көш бастады

Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша тағы да көш бастады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бергі небары 5 айдың ішінде өңірде 11 мыңнан астам нәресте дүние есігін ашқан. Осылайша, киелі Түркістан өлкесі бала туу көрсеткіші бойынша еліміздегі ең алғашқы орынды ешкімге бермей тұр.

«Түркістан облысы еліміздегі халқы тығыз орналасқан өңірлер қатарында. Ал бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы орынға шықты. Тіпті, 2 бірдей рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Мен дәл қазір №2 облыстық перинаталдық орталықта тұрмын. Мұнда дәрігерлер шала туған және салмағы өте аз нәрестелерді де аман алып қалып жатыр».

Иә, өңірде демографиялық өсім жоғары. Биыл облыста 11 мыңнан аса нәресте дүние есігін ашты. Оның ішінде егіздер саны — 135. Олардың қатарында мақтааралдық ана Гүлзипа Өмірзақтың да сәбиі бар. Төрт жыл бойы перзент күткен келіншек 29-аптада мерзімінен бұрын босанған. Қызының салмағы едәуір тұрақты болса, ұлынікі небары 600 грамнан сәл ғана асқан. Үздіксіз күтімнің арқасында жағдайымыз жақсарды дейді жас ана.

ГҮЛЗИПА ӨМІРЗАҚ, МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қорқыныш болды, бірақ осынша уақыт күткенімізге жараса, осы жерге келгенімен өте қуаныштымын. Осы дәрігерлердің арқасында бөпелерім қазір Құдайға шүкір жақсы. Біріншім қыз, екіншім ұл. Салмақтары 1341, ұлым 645 болған еді. Ал қазір 2200, 1050-ге өтті Құдай қаласа. Өте қуаныштымын осында босанғаныма»

Түркістан облысы үшемдер саны бойынша да көш ілгері. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 5 ай ішінде өңірде 4 үшем дүние есігін ашса, соның бірі осы №2 перинаталдық орталықта тіркелген. Мұндағы перзентхана басшылығы аймақтағы бала туу көрсеткішінің жоғары болуын жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейімен байланыстырады.

 ЭЛЬМИРА ҚОЖАХМЕТОВА, №2 ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ: «Негізі Түркістан облысы қашан да ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША көшбасшы болып табылады. Өмірге бала алып келу санынан. Ол біздің Түркістан өңірінің байлығы. Қашан да Оңтүстік Қазақстан болғанда да бір бірінші орында болатынбыз. Біздің өңірдің келіншектері бұл позицияны бермейді өмірі. Біз өте қуаныштымыз дәрігерлердің деңгейінің үлкендігіне. Ауыр жағдайда әйелдер босанып жатса, немесе бала ауыр жағдайда болса, сол балаларды біз міндетті түрде облыстық перинаталдық орталыққа алдырамыз. Бұл жерге медициналық көмек көрсетіліп, ана мен бала аман есен үйіне қайтады».

Жергілікті медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы күшейтілген. Мәселен Түркістан облысында үшінші деңгейлі 3 перинаталдық орталық, екінші деңгейлі 12 және бірінші деңгейлі 7 медициналық мекеме жұмыс істейді. Жалпы, өткен жылы өңірде 45 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Әсел Мәлік