Úı ANONS Жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілді

Жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілді

Шымкентте «Халық есепшісі» республикалық акциясы аясында маңызды семинар өтті. Жиында жаңа Салық кодексінің нормалары мен бизнеске енгізілген өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Кәсіпкерлер мен бухгалтерлер электрондық қызметтер, салықтық есептілікті цифрландыру және жаңа жүйенің тәжірибелік қырларын талқылады. Мамандардың айтуынша, бұл бастама мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогты нығайтып, салықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. 

 

Шымкентте республикалық «Халық есепшісі» акциясы аясында семинар өтті. Іс-шараны MyBuh.kz компаниясы мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп ұйымдастырды. Онда қаладағы кәсіпкерлер мен есепшілер жиналып, жаңа Салық кодексінің нормаларын тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылады.

 

БАҚЫТЖАН ЖАНҒАЗИНОВА, САЛЫҚ КЕҢЕСШІСІ: «Жаңа салық кодексімен жарты жыл бойы кәсіпкрлер, бугелтерлер жұмыс істеді. Енді соның қорытындысын қандай жұмыс атқарылды және ол кәсіпкерлерге тиімді, тиімсіз жолдарын тыңдау үшін. Яғни біздің өкімет  біржақты заңды шығарып қана қоймай оны іске асқаннан кейін заң қабылданғаннан кейін халықтың үнін есту үшін туындайды. Жаңа салық кодексінде өте үлкен өзгеріс  оңалтылған салық деклорациясы.  Соны жалпыға бірдей салық деклорацясымен жұмыс жасайтын яғни ірі кәсіпкерлер шегерімге алды. Өте күрделі өзгеріс. Яғни көп салық төлеушілер қазіргі таңда  қосымша құн салығын төлеп жатыр. Және жалпыға бірдей салықты төлеп жатыр».

 

Жиында мамандар биылғы салық жүйесіндегі негізгі өзгерістерге кеңінен тоқталды. Бизнеске арналған электрондық сервистердің жаңартылуы, салықтық бақылаудың автоматтандырылуы және салық есептілігін цифрлық форматта жеңілдету тетіктерін түсіндірді. Сонымен бірге, салық төлеушінің кабинеті мен электрондық шот-фактура жүйесінің дамуы туралы ақпарат берілді.

 

МАДИНА ӘМІРБЕКОВА, «OKTAVA.KZ»БУХГАЛТЕРЛІК БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Біз алты айдан бері жаңа салық кодексімен өмір сүріп жатырмыз. Онда қандай өзгерістер бар, қалай бейімделді? Қазір сол туралы мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері  айтады. Біз семинарға қатысушылардан кері байланыс күтеміз. Жаңа кодекс, қолға алынған жүйе өте жақсы. Алдағы уақытта ақпараттық жүйелерді интеграциялауға жол ашады. Яғни барлық ақпаратты бір жерге жинайды».

 

«Халық есепшісі» акциясы еліміздің басқа өңірлерінде де өтіп жатыр. Жоба мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогты нығайтуға және салықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Шараға жүздеген кәсіпкер мен маман қатысуда. Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2025 жылғы 18 шілдеде қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап толық қолданысқа енгізілген.

Дилара Иса