Úı ANONS 156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолдама алды

156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолдама алды

Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі
Шымкентте Еңбек мобильділігі орталығына маусым айында 161 мекемеден 661 бос жұмыс орны бойынша өтінім түсті. Ұсынылған жұмыс орындары мамандар тарапынан жан-жақты зерделеніп, жұмыс берушілердің салық төлемдерін жүргізуі, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуі және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауы бойынша тексерілді.
Нәтижесінде 47 мекемеден 192 жұмыс орны бекітілді. Бүгінгі таңда аудандық мансап орталықтары арқылы 156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолданып, еңбек етуде. Олардың 129-ы – студенттер, ал 27-сі – жоғары сынып оқушылары.
Бекітілген жұмыс орындарының басым бөлігі әкімдік құрылымдары, жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктерге тиесілі.
Жасөспірімдердің жұмыс кестесі аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс.
Айта кету керек, қоғамдық жұмысқа қатысушы жасөспірімдердің еңбекақысы 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген және бұл қаражат мемлекет тарапынан субсидияланады.
Бағдарламаға қатысушы жасөспірімдердің еңбек қызметін арнайы мониторинг тобы тұрақты бақылауда ұстайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №476 бұйрығына сәйкес, ақылы қоғамдық жұмыстарға тек 16 жасқа толған жасөспірімдер ғана жолданады. Ал 14-15 жасар жасөспірімдер үшін enbek.kz порталындағы «Менің жазғы демалысым» бөлімі арқылы жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын жариялап, еңбекақы мөлшерін өздері белгілейді.