Шымкентте дәрі-дәрмек шығаратын тағы бір зауыт салынады

265
Шымкентте дәрі-дәрмек шығаратын тағы бір зауыт салынады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Біріккен Араб Әмірлігінің үкімет мүшесі, шейх Хассан Абдулькарим Хабиб Мансур Алхерз мырза бастаған бір топ отандық кәсіпкерлермен кездесті. Еуропалық «BITONFLY» фирмасы және оңтүстікқазақстандық «Нuray pharmaceuticals» ЖШС мен   «Aquacrystal Croup» компанияларының басшылары облыс әкіміне бірлесіп іске асырғалы отырған бизнес жобаларын таныстырды.

Бірлескен кәсіпкерлік топ биыл Шымкенттен дәрі-дәрмек пен медициналық заттар шығаратын зауыт ашқалы отырғанын жеткізді. Жобаның құны 34 млн АҚШ долларын құрайды. Дәрі-дәрмектің 50 түрін шығаруға ниеттеніп отырған компания басшылығы «Тассай» индустриалды аймағынан 7 гектарға жуық жер телімін беруді өтінді.

Кәсіпкерлер, сондай-ақ, Шымкент қаласындағы «Sofia Towers» және «Арман» тұрғын үй және сауда орталықтарының құрылысын бастағалы отырғандарын баяндады. Бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған қос кешеннің іргетасы алдағы мамыр айында қаланғалы отыр. Кәсіпкерлер бұл жобаларды Біріккен Араб әмірлігімен бірлесіп іске асырады. Құрылысқа бағытталатын инвестицияның 60 пайызын араб кәсіпкерлері құймақшы.

Кәсіпкерлердің жобаларымен танысқан аймақ басшысы қолға алынған жобаларды аяқсыз қалдырмай, межеленген мерзімде бітіруге шақырды.

– Жобаларыңыз жақсы. Дәрі-дәрмек шығаратын зауыттарыңызға «Тассай» индустриалды аймағынан жер бөлуге көмектесеміз. Д. Қонаев даңғылында бой көтеретін «Sofia Towers» тұрғын үй кешені мен Адырбеков көшесінде орналасқан «Арман» тұрғын кешенін де мерзімнен кешеуілдетпей аяқтау керек. Біріккен Араб Әмірлігіндегі қаржылық ұйыммен бірлесіп келісімге қол қойып отыр екенсіздер, сәттілік тілейміз. Ең бастысы – қолға алынған жұмыс жүйелі әрі сапалы атқарылуы керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірлігінің үкімет мүшесі шейх Хассан Абдулькарим Хабиб мырза облыс әкіміне алғысын білдіріп, жобаларды қаржыландыруда қолбайлау болмайтынын жеткізді.

– Уақыт бөліп арнайы қабылдағаныңызға алғысым шексіз. Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуетімен танысып шығып, керемет әсер алдым. Қазақстандық кәсіпкерлермен бірігіп, осы өңірде бірқатар жобаларды қолға алғалы отырмыз. Алға қойған мақсат-міндеттер жоғары деңгейде орындалады деген сенім мол,- деді шейх Хассан Абдулькарим Хабиб Мансур Алхерз.

Кездесу соңында аймақ басшысы Араб елінен келген арнайы қонақ пен отандық кәсіпкерлерді «Шымсити» жобасымен таныстырып, ұсыныс-пікірлері ескерілетінін жеткізді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі