Оңтүстікте 46 мыңнан астам адам уақытша тіркелген

Оңтүстікте 46 мыңнан астам адам уақытша тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Нұрдаулет Төлегенұлы мәлім етті.

Полиция полковнигінің айтуынша, жыл басынан бері облыс көлемінде жалпы 64 606 азаматқа жеке куәлік пен төлқұжат алуға бір нысанды арыз рәсімделген. Оның ішінде 22 077 төлқұжат пен 41 829 жеке куәлік дайындалды. Осы мерзімде жалпы 75 027 тұлға тұрақты, ал 46 451 адам уақытша тіркелген.

– Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстары бойынша осы жылдың 3 айында облыс бойынша шетелден ата мекендеріне қоныс аударуға бел буған 605 оралман тұрақты тіркелді. Сонымен қатар,  облыстың ішкі істер органдарына Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы 875 адам арызданды. Қазақстан Республикасының азаматтығына 1076 тұлға ОҚО ІІД КҚПБ тарапынан жеңілдетілген тәртіппен қабылданды. Ал 301 тұлғаның азаматтыққа қатыстылығын анықтау бойынша өтініштері қаралып, қанағаттандырылды, – деді басқарма бастығы.

Жыл басына бері Оңтүстік Қазақстанға алыс және жақын өзге мемлекеттен 79 136 шетелдік азамат келіп, уақытша тіркелген. Мұның ішінде басым бөлігі туристер болса, бірқатары инвестиция салып, кәсіпорын ашуға ниетті азаматтар.

Ал 4492 шетелдік азамат жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат рәсімдеу бойынша облыстың көші-қон қызметі бөліністеріне өтініш білдірген.

Қала, аудандық ішкі істер және мемлекеттік кіріс органдарымен салыстыру жұмыстары нәтижесінде алынған мәліметке сәйкес, еңбекші көшіп-келушілерден жеке кіріс салығы бойынша бюджетке түскен қаржы 34 млн 553 мың 87 теңгені құраған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі