Құжатсыз жүрген 5 мыңға жуық азамат анықталды

152

Ел аумағында құжатсыз, не ескі үлгідегі КСРО паспортымен жүрген азаматтар ішкі істер органдарына жүгінуіне болады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Олар 5 маусымға дейін жергілікті көші-қон полициясы басқармасына келіп, ел аумағында тұрақты тұруын немесе уақытша болуын заңдастыруы қажет. Жеке басын растайтын қандай да бір құжаты болса елшілікпен байланысып, көшірмесін алдырта алады.

Ғани Шымырбаев, ІІМ Көші-қон комитетінің басқарма бастығы: «Науқанды өткізу кезінде 4686 құжаттанбаған адам анықталды. Оның көпшілігі Алматы облысында. 500- ден астамы Түркістан облысы бойынша тіркелген. 3408-і ҚР азаматтық құжаттарын алды. 1278-не қатысты азаматтығын растау рәсімі аяқталуда. Жұмыс мамыр айында аяқталса да, ұдайы жүргізіле береді».

Полицийлер 17 мамырдан бері «Қару» операциясын өткізіп жатыр. Содан бері 328 атыс қаруы тәркіленіпті. Бұл операциясының мақсаты – заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілерді анықтау, тәркілеу болып отыр. Қолда бар қаруды тексеру нәтижесінде 3 мыңнан астам тәртіп бұзу фактісі анықталған.

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі: «Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция органдары заңсыз айналымнан 328-ден астам атыс қаруын тәркіледі. Оның ішінде 212 дана тегіс ұңғылы қару, 38 дана газды қару, 9 қолдан жасалған қару, 27 травматикалық қару, 18 электрлік қару алынды. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін ҚР ҚК 287-бабы бойынша 134 материал тіркелді».

195 азамат қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін жауапкершілікке тартылыпты.