Анасынан қорлық көрген Асылға көмек қажет

454

Өз анасынан жазықсыз соққы көріп, ес-түссіз ауруханаға түскен Асыл есімді бала бүгінде есін жиған. Алайда, туған анасынан қорлық көрген балақай мүгедек болып қалуы әбден мүмкін.

Қатты соққының салдарынан Асылдың сол аяғы мен қолы істен шыққан. Қазір ол өздігінен тұрып жүре алмайды. Дегенмен, дәрігерлер Асылдың аяқ басып жүріп кетее алатынын айтады. Бұл үшін оңалту емі қажет. Яғни ЭЛФК, массаж, невропатологтың бақылауы мен консервативті ем қажет.

Көпшілік қолдау жасап, Асылға осы медициналық көмек жағынан қол ұшын берсе, бала мүгедектіктен арылады. Әсіресе, оңалту емін жасайтын жеке клиникалардың назарына. Туған анасынан зәбір көрген Асылға қолдау жасап, көмектеріңізді көрсетіңіздер. Аурухана төсегіне таңылған Асыл көпшіліктің қолдауына зәру.

 

Егер, Асылға көмектесемін деушілер болса, 8702 983 83 45 нөмірне хабарласса болады. Қасиетті Рамазан айында мүгедек баланың сауығып кетуіне сізде үлес қосыңыз.

Еске сала кетейік, бұл сұмдық жағдай биылғы 2 мамырда Ордабасы ауданында орын алған еді. Сол күні ауыр халде ауруханаға жеткізілген Асылды дәрігерлер жансақтау бөліміне жатқызды. Бірақ, ауруханаға жатқызылғанмен балақайдың денсаулығы жақсармады. Жарақаттың ауыр болғаны соншалықты, оның миы ісіп, басына зақым келген.

Дәрігерлер науқас балаға шұғыл түрде ота жасап, оның өмірін аман алып қалды. Бір айға жуық жан сақтау бөлімінде жатқан Асылды дәрігерлер нейрохирургия бөліміне ауыстырды. Қазір балақайдың беті бері қарады. Алайда, ол аяғын басып жүре алмайды.

Мұхтар Әбдіқадіров, дәрігер: “Бала ауруханаға түскенде денесінен көгерген іздер, ісік байқадық. Сондай-ақ, беті мен мойны күйген. Негізі бала 2 мамыр күні Ордабасы аудандық ауруханасына түскен. Алғаш түскен кезінде санавиация қызметімен барып, баланың жағдайын бақылағанбыз. Бала өздігінен дем ала алмай, аппаратта жатты. Кейін жағдайы нашарлап, 9 мамыр күні баланың басына ота жасадық. Қатты жарақаттың салдарынан миы ісіп кеткен. Ота кезінде мидағы қауіпті қайтардық. Бірақ, бала мүгедек болап қалады.”

Осы жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құзырлы орган өкілдері анасы баласына қорлық көрсетіп, өлімші етіп сабап тастаған дейді. Қазір осы фактіге байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде.