Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайын

329
Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайын

10 маусым күні ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі есігін айқара ашады. Қазақстанды бүкіл әлемге таныстыратын салтанатты іс-шараға Оңтүстік өңірі де дайын. Бүгін облыс тұрғындарының көрмеге қатысуын ұйымдастыру, интерактивті картада таныстырылатын оңтүстікқазастандық жобалар, облыстағы тарихи орындар мен қонақ үйлерінің, сервистік қызметтің әзірлігі жайлы айтылды. Бұл туралы облыстық аймақтық коммуникациялар қызметінде жауапты сала басқармалары мен орталықтарының басшылары баяндады.

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының жаңа басшысы Батырхан Құрмансейіт Астанада 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында өтетін ЭКСПО 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі кезеңінде көлік қатынасы ұлғайтылатынын атап өтті. Оның ішінде теміржол құрамдары 86 вагонмен, әуе қатынасы бойынша қосымша 16 мыңнан астам орын және 10 қосымша автобус қосылмақ. Өңірімізден көрмені тамашалауға баратын азаматтарды орналастыру жағы да пысықталған.

Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған. Жасыл экономика, баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда энергетикадағы сапалы өзгерістер мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталған жобалардың арасында Оңтүстік өңірінің 4 жобасы бар.

Көрме шеңберінде облыс әкімдігі мен өңірлік туристік ұйымдарымен бірлесе қонақтарға арналған 3-5 күндік тарихи танымдық және экологиялық бағыттағы туристік сапар әзірленген. Олардың арасында Түркістандағы Әзірет сұлтан қорық мұражайы, Сауран қалашығы, Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалашығы бар.

ЭКСПО- 2017 көрмесінің қонақтарына Оңтүстіктің 12 жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан орыс, ағылшын қытай, түрік тілдерін меңгерген 150 ерікті қызмет көрсетеді. Көрмеде әлемге танымал өнер майталмандары қазақстандықтарға және көрме қонақтарына өз өнерлерін паш етеді. Біздің арнамыздың түсіру тобы да ЭКСПО 2017 көрмесінің барысымен өңір жұртшылығын таныстыруға арнайы шақырту алды.

ЭКСПО-2017 көрмесі елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік жасап қана қоймай, арнайы шақырту алған мемлекеттермен достық, іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік береді. Бұған қоса аңызға айналған қазақтың қонақжайлығы мен бейбіт өмірге құштарлығын, жаңашылдыққа талпынысын бүкіл әлем тануы тиіс.