Оңтүстіктің астаналықтарға ерекше 7 тартуы бар

369
Оңтүстіктің астаналықтарға ерекше 7 тартуы бар

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында өтетін Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында Оңтүстіктің ерекше 7 тартуы бар. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.

Оңтүстіктің астаналықтарға ерекше 7 тартуы бар

 

Ерекше жеті шараның біріншісі – ұлттық кітапханада өтетін, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде басып шығарылған, «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» кітаптары мен Астана қаласының оқушылар сарайында «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері.

Екіншісі – «Қазмұнайгаз» компаниясының ғимаратынан бастап Нұржол гүлзары бойымен Бәйтерек алаңына дейін «Түркі елінің түп тамыры – Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты ежелгі тарихымыздан сыр шертетін бұйымдар тиелген түйелердің, аттардың керуені.

Үшіншісі – Бәйтерек алаңында бір уақытта 600 жас домбырашының орындауындағы күй. Ал төртіншіден, облыс жастары Құрбан айты мерекесіне орай қоғамдық көліктерде, адам көп шоғырланатын жерлерде 5 мың адамға бауырсақ, тәтті нан таратып, мерекемен құттықтайтын болады.

Бесіншіден, Құрбан айты мерекесінің бірінші күнінде этноауылда 5000 адамға арналып палау пісіріліп, «1 қауын, 1 қарбыз» атауымен 40 тонна қауын-қарбыз әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін таратылады. Ал Бәйтерек монументінің алдында оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Бөкебаев Еркінбек құрастырған қазақ арбасымен елорда тұрғындары мен қонақтарына айттық дәм ұсынылады. Бұл – ерекше шараның алтыншысы.

Жетіншісі – 1-2 қыркүйек күндері екі қабатты ағылшын автобусымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлері мен Мәңгілік ел, Сарыарқа және т.б. басты көшелерде музыкалық шеру ұйымдастырылады.

Аталған негізгі 7 шарадан басқа да бағдарламаға сәйкес облыстың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен байлығын паш ететін, жалпы саны 43 мәдени көпшілік іс-шарасы өтеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі