Шымкентте мұғалімдер электронды жүйе арқылы жұмысқа қабылданып жатыр. Биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан тың жүйе бойынша ұстаздар конкурс негізінде іріктеледі. Ал бос орындар thunter.shymkent.gov.kz ресми сайтына жарияланады.
Құжат тапсырған үміткерлер мекеме басшысы, білім бөлімінің өкілі, ата-аналар комитетінің мүшесі, қоғамдық ұйымның өкілі және БАҚ өкілдерінен құрылған комиссия отырысында әңгімелесу ұйымдастырылады. Комиссия мүшелерінің шешімі де электронды дауыс беру тәсілі арқылы веб-сайтта жарияланады. Ең көп дауыс жинаған үміткер мекеме басшысына ұсынылады.
Әзірге Шымкенттегі №1, 11, 23, 24, 30, 28, 55, 57, 79, 120 мектептердегі педагог қызметкерлердің бос орындарына жарияланған конкурстық комиссия отырысы өткізілді. Конкурсқа барлығы 38 үміткер қатысып, оның ішінде 7-і жұмысқа қабылданды дейді білім бөлімінің мамандары.
Мақпал Рысбаева