Қарабұлақтың күздік картобы қайда?

444
Қарабұлақтың күздік картобы қайда?

Оңтүстікте картоп егілетін негізгі аймақтың бірі — Қарабұлақта күздік картоп егілмейді. Ал жаздығы жылдағыдан екі есе артық өсірілгенімен, сатылып кеткен. Қазір шаруалар келер маусымға дайындықты бастап жіберіпті. Тұқымдыққа ресей картобын сатып алып, сақтауға қамданып жатыр.

Қарабұлақ ауыл округінде ауыл шаруашылығына арналған бес мың гектар жер бар. Оның екі мың гектарына картоп егілген. Орташа өнім 60 мың тоннадан асып жиналыпты. Ерте пісетін картоп болғандықтан, маусым мен тамыз айларында жиналып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтілген.

Ауылдағы 1700 шаруаның еңбегі орасан. Ерте көктемде картопты егеді, оны баптайды. Сапасы жоғары, дәмі тіл үйірер болғандықтан алыс-жақын шетелден де сұраныс көп екен. Жергілікті өнім маусым айында-ақ қала базарларында саудалана бастайды.

Дихандардың қолын көбінесе ағын су байлайды. Тапшылығы талайды тығырыққа тірейді. Десе де, егіншіліктің екінші айналымында түрлі көкөніс егіп, жерді демалдырады. Ауылдың әкімдік қызметкерлері су болса күзгі картоп та егіп, өңірдің қажеттілігін қанағаттандырар едік деп отыр.

Бақтияр Шамуратов, Қарабұлақ ауыл округі әкімінің орынбасары: «Дихандарымыз егетін еді. Бірақ, ағын судың тапшы болуына байланысты бізде шілде айынан бастап сумен қамтамасыз ету нашар болып қалады. Ол табиғи себептерге байланысты. Сол үшін күзгі картоп егілмейді. Картоп 12-13 рет суарылуы қажет. Сондықтан дихандар екінші айналымға қырыққабат, баклажан, тұрып сәбіз егеді.»

Сонымен қазір Қарабұлақтың картобы жоқ. Қазан болғалы қашан. Сондықтан солтүстіктен тасымалданатын көкөністі тұтынуға мәжбүрміз.

Ардақ Жақсылықова