Қылмысты процесті оңтайландыру жобасы іске асырылуда

435
Қылмысты процесті оңтайландыру жобасы іске асырылуда

Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында бақылау әдістемелік бөлімдердің жұмысын жандандыру керек. Жұмысқа деген ынтасын арттыру үшін үздіктерді анықтап, марапаттауды қолға алу керек. ОҚО прокуратурасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров осылай деді. Құзырлылар бас қосқан жиында қылмысты процесті оңтайландыру жобасы бойынша жұмыс нәтижелері мен кемшіліктері де талқыланды.

Құқық қорғау саласының шенді-шекпендісі бас қосқан жиында облыстың қылмыстық ахуалы арқау болды. Айтуларынша, Оңтүстікте қылмыс саны азайған. Қылмысты істерді созбалаңдыққа салу деректері 51 пайызға кеміген. Жеке қаулыларды шығару деректері бірден 88 пайызға азайып, прокурорлық ықпал ету актілерінің тиімділігі 224 пайызға артқан. Қылмысты процесті оңтайландыру жобасы бойынша қол жеткізген жетістіктер мен қоса қадағалаушы орган кемшіліктерді де тізіп көрсетті.

Қылмысты процесті оңтайландыру жобасы іске асырылуда

Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлерге артылар жүктеме ауыр. Тергеушілер жетіспейді. Әр тергеушіге орта есеппен жылына 114 қылмысты істі қарауға тура келеді екен. Осылай деген ОҚО ІІД басшысының орынбасары бұл мәселеге баса назар аударуды сұрады.

«Е-қылмыс» жобасы бойынша электронды қылмыстық істер қарау Түлкібас ауданында жүзеге асырылып жатыр. Тағы да бірнеше ауданда қолға алу жоспарлануда. Бұл үшін мемлекеттен 827 млн теңге бөлінуі қажет. Арнайы сұраныс хат та қазан айында жолданған.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері ендігі жерде ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында білімін шыңдайды. Басшылар өздері лекция оқып, практикалық сабақтар өткізуге құмбыл. Сот және басқа да органдармен бірлесе семинарлар өткізетін болады. Бұл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттырады дейді жауаптылар.

Жанар Есенбекова