Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 59 гектар жаңғақ пен 7 гектар бадамша егілді. Сондай-ақ, тамшылатып суару әдісі 7,5 мың гектар алқапқа ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетіп отыр. Бұдан бөлек жылыжай көлемі 1294 гектарға артып, республикадағы үлесі 80 пайызды құрады. Бұл туралы Agritek Shymkent — 2017 халықаралық көрмесі аясында өткен семинар-кеңесте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.
Жиынға шетелдік және отандық компания өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, қаржы ұйымдарының мамандары, кәсіпкерлер мен шаруарлардан құралған 500-ге жуық адам қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты — мемлекеттер арасында агросалада тәжірибе алмасу және жаңа технологиялар, бірлескен бизнес-жобаларды құру бойынша іскерлік қарым-қатынасты нығайту.
Семинар кеңесте сөз алған облыс әкімі халықаралық көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен алдағы атқарылар жоспарларды баяндады.
— Ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды енгізбей жетістікке жету өте қиын. Осы орайда мемлекет тарапынан жаңадан алынатын ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарға 25 пайыздан 50 пайызға дейін инвестициялық субсидялар беріле бастады. Бұдан бөлек, өнімді жоғарлатуға мүмкіндік беретін жағары сұрыпты тұқым мен тыңайтқыштарға арнайы субсидиялар қаралып отыр. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына — 2 пайыз, ал өзге бағыттарға 6-8 пайызбен жеңілдетілген несиелер берілуде. Бұл ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруына, яғни шаруаның мол және сапалы өнім алуына бағытталған мемлекеттік қолдау болып табылады,- деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиын барысында агро техника озық үлгілерін құрастыратын компаниялармен байланыс орнатып, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықты өзімізде өндірудің мүмкіндіктері мен жолдары талқыланды. Шаруалар мен кәсіпкерлердің сауалдары мен ұсыныстары тыңдалып, семинар пікір-алмасу алаңына айналды. Әр пікірді мұқият тыңдаған облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен аудан-қала әкімдеріне көрмеде ұсынылған ауыл шаруашылығы техникаларының шаруаларға қол жетімді болуын және агро салаға жаңа технологиялардың көптеп енгізілуін тапсырды.
Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында өткен дәстүрлі «Agritek Shymkent – 2017» көрмесіне 5 мемлекеттің 50-ден астам компаниясы ауыл шаруашылығы саласына қажетті озық технологиялары мен құрал-жабдықтарын ұсынды. Үш күнге жалғасқан көрмені 1500-ға жуық адам тамашалаған.
Айта кетейік, биыл облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 818 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29 мың гектарға артқан. Нәтижесінде биылғы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 376,5 млрд теңгеге жетіп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі