Ұстаздар оқушыларды мамандық таңдауда жаңашылдыққа шақырады

427

Педагог мамандарды қайта даярлау- заман талабы. Елбасының кәсіби және техникалық мамандарға деген қамқорлығы кәсіптік білім беретін мекемелерге серпін сыйлады. Оқытушыларға білім беру мазмұнын жаңартуды ұсынған облыстық семинар Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінде өтті. Кеңеске қатысушылар оқыту және тәрбие процесіндегі жаңалықтармен танысты.

Ел болашағы білімді ұрпақ қолында. Ал оларды тәрбиелеу, саналы білім беру – ұстаздардың міндеті. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінде өткен облыстық семинарға қатысушылар осылай деп санайды. Колледж мұғалімдері мен зияткерлік мектеп оқытушылары білікті кадр дайындауға белсене кірісті. Болашақ педагогтарды жан-жақты етіп тәрбиелеу мәселесін талқылады.

Гүлнәр Ибрагимова, ОҚПК директоры: «Кәсібилік – маңызды фактор. Біз бала тәрбиелейміз, оның бойындағы дара қасиеттерін ашамыз. Өзін кез келген ортада қалай ұстауын үйретеміз. Яғни, жастарға айна секілдіміз. Сол себепті ұстаздардың ұлағатты, сауатты болғанын қалаймын.»

Оңтүстік білім беру мекемелері және ондағы шәкірттерінің санымен елде көш бастайды. Нақтырақ айтсақ, алғашқы үштікке енген. Бірақ, 32 мың жас жұмыссыз. Қолында дипломы бар мамандар екі қолға бір күрек таба алмай әлек. Осындай олқылықты ескерген сарапшылар мамандық таңдауда жаңашылдық қажет деп есептейді. Әр мектеп бітірушісі өз болашағын болжап, қажетті мамандық таңдауы тиіс. Ол үшін ұстаздар қауымы сауатты түрде жол сілтей білгендері дұрыс.

Семинарда тәжірибе алмасып, өзгенің өнегесін үйренгендер өзінің білім ордаларында қолданады. Сол себепті ОҚПК өзін-өзі дамытып, тұлғаларды қалыптастыратын ортаға айналып отыр. Бүгінгі таңда колледжде 1200 студент білім алады. Оның 500-і биыл оқу бітіріп, педагог болып шығады. Ал олардың басым бөлігі өзі ісінің шебері ретінде өзін-өзі дәлелдегендер, тәжірибеден өткен мекемелерінде жұмыста қалады.