«Апострофымыз «катастрофа» болып кетуі мүмкін»

388

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы – ҚР журналистер одағының мүшесі, тарихшы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы.

– Бүгінде еліміз бойынша күнде талқыланып жатқан тақырып латын әліпбиіне өту. Әлеуметтік желілерде қолдайтындықтарын, қолдамайтындықтарын айтып жатқан пікірлер өте көп. Күні кеше Алматыдан, Астанадан келген блогерлермен басқосу өткіздіңіздер. Сонда қандай мәселе көтерілді, қандай тұжырымға келдіңіздер?

– Алдымен латын әліпбиі керек пе, керек емес пе деген мәселенің басын ашып алайық. Ол керек. Әлемдік қауымдастыққа кірігу үшін біз латын әрпіне көшуіміз керек. Тіпті кешірек өтіп жатырмыз ба деп те ойлаймын. Дегемен «Ештен кеш жақсы» деген… Кешегі кездесуде белгілі саясаттанушы Ердан Сайыров, үлкен саясаткер Әміржан Қосанов, ақын Ақберен Елгезек, Талғат Қалиев, Руслан Желдібай келіп латын әліпбиінің өзектілігін талқылау болып өтті. Оңтүстікте қарсы боп тұрған адамды көрмедім. Ол жердегі бір кілтипан менің «дәйекше құлақтың қасындағы үтір оны кім, қандай пиғылмен кіргізіп жатыр?» деген сұрағым болды. Мұғалімдермен сөйлестім, дәйекшені кіргізудің өзіндік қиындықтары бар екен, тасымал, буын қай жерден бөлінетінін білмейді, екіншіден ІТ мамандармен сөйлессем дәйекшесі бар сөйлемдерді іздеу жүйелері қабылдамайды екен. Мәселен, менің атымды «Өмір» деп латын харпімен жазсаң екі дәйекше бар. Киррилицамен жазсаңыз шығады. Дәйекшемен жазсам, өзімді жоғалтып қоямын, бұл үлкен проблема… Оқушыларыммен ескі хаттарды, ескі құжаттарды іздейміз. 2013 жылы майданнан жазылған құнды хаттарды таптық, латын әрпімен жазылған екен, соны оқушым Мөлдір алды да екі сағаттың ішінде латыннан киррилицаға түсіріп берді. Түсіну қиын емес. 1929 жылы қолданыста болған латын харпін кіргізе салсақ та болады екен. «Қазақ тілі ғылымы синтаксисінің қысқа курсы» деген А. Аманжолов деген ғалымның дайын оқулығы бар. Біраз кітапханаларда бұл оқулық бар. Яғни, жаңа оқулық жасаудың қажеті де шамалы. Түркияда оқып келген Асхат Шотаев деген інім «неге біз түріктердің дайын әліпбиін ала салмаймыз» деді. Оныкі де жөн. Пікірлер қайшылығы болып жатыр. Апостроф нұсқасына сәл пікір қайшылығы туындайтыны рас. Жалпы латынға көшуге ешкім қарсы емес.

– Дәйекшелер жалпы біздің тілдік заңдылықтарымыздың сақталуына кедергі келтіреді деп филологтардың өзі дабыл қағып жатыр. Негізі бұл арнайы ресми бекітілген нұсқа емес қой…

– Әрине, арнайы бекітілген нұсқа емес. Бізде өкініштісі бұны ұсынғандардың артында үлкен адамдар тұр ма деймін. Өйткені газеттер шығып кетті. Президентіміздің бір еңбегін шығарып үлгеріпті. Бұл дегеніңіз науқаншылдыққа айналып кетпесе деңіз. Қауіп сол. Президент латын харпіне көшу туралы жарлыққа қол қойды. Бірақ 2025 жылға дейін сатылап, екшеп, зерттеп, зерделеп барып қана… Тағы бір қауіп латын әліпбиін мектеп мұғалімдері оқытады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биылдан бастап сынақ түрінде 0-1 сыныптарға енгізіле бастайды деді. Қазіргі жаңартылған бағдарламамен мұғалімдердің өзі үйреніп, төселе алмай жатыр. Қағазбастылық көп, милары ашып жатыр. Апострофымыз катастрофа болып кетуі мүмкін. Екі ортада жас ұрпақ жапа шегеді.

– Латын харпіне көшу турасында оңтүстіктің бірқатар ұйымдары өздерінің үндерін білдірді, қолдайтындықтарын білдіріп жатыр. Қазақстан Халықтары Ассамлбляесы да бастаманы талқылаған болатын. Алып қосарыңыз бар ма?

– Кім қарсы болуы мүмкін, әрине жазушылар өздерінің жазғандарын балалары, немерелері оқи алмай қалады деп қарсылық білдіруі мүмкін. Сосын жалқаулар қарсы болатын шығар. Ал латынның берері орасан мол. Қазір шетелде оқу жеңіл боп қалды. Биылдан бастап Венгрия өкіметі Қазақстанға 200 грант бөлді. Стипендия, жатақ орын бәрі тегін. Менің ұлым соған түсті. Сол жақта оқып жатыр. Ол жақта киррилицаның да қажеті жоқ. Қазақ, ағылшын, орыс тілін білетін болса болғаны, қазір француз тілін үйреніп жатыр. Әлемдік қауымдастыққа кіруге жеңіл болады. Отыздыққа кіруіміз жеңілдей түседі.

– Мектеп оқушылары латын әліпбиіне өтуге қуана келісетін сыңайлы. Өйткені оларға ағылшын әріптері жақын. Оқушыларыңыздың пікірі қандай?

– Оқушыларымыздың ойы теріс емес. Оқушыларым ғана емес, 3 жасар немерем ютубтан планшет арқылы ағылшын өлеңдерін жаттап жүр. Оқушыларға ағылшын тілін үйренуге ертерек жағдай жасалып жатса қуанбай қайтсін?! Аға, әпкелерінің ақша төлеп курстарға барып үйреніп жатқанын көріп жүр. Ондай курстарға қажеттілік азаяды меніңше. Латын харпіне көшу арқылы тіл үйрену жеңілдей түседі. Балаларымыздың болашағын ойласақ ертерек көшуіміз керек. Апострофтың қиындық тудыратынын ескеріп, талап ету керек. Үндеріңізді білдіруге сескенбеңіздер. Себебі таразы басында ұрпағымыздың болашағы тұр.