Атаулы әлеуметтік көмек тұрғындарға тек тұрғылықты мекенжайына қарай тағайындалады. Осыған дейін уақытша тіркелген орнына орай жәрдемақы алып келген халық енді жаңаша атаулы әлеуметтік көмек жүйесінің осынау тұстарына көңіл бөлу керек. Келер жылы қолданысқа енгізілетін өзгерістер бұл жолы Отырар ауданы тұрғындарына түсіндірілді.
Жиналған көпшілік мамандарға сұрақтарын жаудырды. Шартты және шартсыз берілетін ақшалай көмектің тағайындалу жолын сұрастырды. Келер жылы өзгертілетін зейнетақы жүйесімен де жіті танысып шықты. Салаға жауаптылар атаулы әлеуметтік көмекті іске асыру мерзімінің бұрыңғыдан қысқартылып отырғанын жеткізді.
Жұртшылық бұл өзгерістер тұрғындарды масылдықтан арылтып, күнкөріс деңгейін жақсартады дейді. Түсіндіру шарасынан кейін шартты ақшалай көмекке үміткерлер, тіпті, қолға алатын кәсібін де ойлайсытырып қайтты.
Бұдан кейін сала басшысы бастаған мамандар «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қарекеттерін байқап көрді. Қазір ағаштан түрлі бұйымдар шығаруды қолға алған ұста үстел, орындықтар мен қоса түрлі жиһаздарға тапсырыс қабылдап жатыр.
Андрей Петряков, Отырар ауданының тұрғыны: «Бізге тағайындалған қаржыға материалдар алдық. Құрылғы сатып алдық.»
«Өрлеу» жобасына қатысқан отырарлықтардың дені мал шарушалығымен айналысуда. Берік Жұмабаев тағайындалған қаражатқа қара мал сатып алған. Екі қолға бір күрек таппай келген тұрғын қазір жеке қосалқы шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Бордақыланып жатқан өгіздерін етке өткізді жоспарлап отырған ол нарықтың жайын жақсы біледі.
Берік Жұмабаев, «Өрлеу» жобасының қатысушысы: «Малды күзде сатып аламыз, сол кезде арзан түседі. Етті желтоқсанда сатамыз, ол кезде ет қымбат болады.»
Сала мамандары келер жылға дейін пилоттық жоба ретінде іске асырылатын «Өрлеу» жобасының 2018 жылы да жалғасатынын айтады. Шартты ақашалай көмек еңбекке қабілетті азаматтарға беріледі. Айта кетейік, жобаны іске асыруда күнгей тұрғындары белсенділік танытуда.
Мақпал Рысбаева