«Латын әліпбиі арқылы түркі әлеміне даңғыл жол ашылады»

759

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы — Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Назым Қантаева.

— Латын қарпі талқылану үстінде. Латын харпіне көшу туралы пікіріңіз қалай?

— «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Латын әліпбиіне біз қайта көшеміз десек те болады. Бұрын да қолданыста болған. Елбасының саясатына қолдау көрсетеміз. Латын харпіне көшу бұл қазақ халқының алға қарай жылжуына жаңа заман талабына өз үлесін қосады, жемісі мен жеңісін әкеледі деп ойлаймын.

— Латын харпі жайлы қарама-қайшы пікірлер көп. Қоғам белсенділері де көптеп үн қосуда. Қарсы болушылардың дені апострофты түсінбейтін, қабылдай алмайтындарын айтуда…

— Жаңалыққа қарсылық таныту бұл қалыпты жағдай, заңдылық. Қоғамда екіжақты пікір туындатып отырған кейбіреулер дұрыс жағын алға тартып қолдаймыз деп отырса, кейбіреулер латын тіліне көшіп жатырмыз деп латын әліпбиін шатастырып жатқандары бар. Латын әліпбиіне өту бойынша үгіт насихат түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сайрам ауданында тілдерді оқыту және дамыту орталығы түрлі мекемелерде, білім ұйымдарында студенттер, оқушылар арасында жиындар, кездесулер дөңгелек үстелдер ұйымдастырып халыққа дұыс жеткізуді көздеп отырмыз. «Латын тіліне көшеміз қазақ тілі қайда қалады» деп түсінбейтіндіктерін білдіріп жатыр. Түрлі жиындар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Түсіндіру арқылы халыққа оң көзқарас қалыптастыруға күш салудамыз. Латын әрпіне негізделген қазақ тілінің төл әліпбиі пайда болайын деп жатыр. Пайда болды десек те болады. Бұл да заманның ағымына сай қалыпқа келеді деген ойдамын.

— Әліпбиді үйренудің қандай тиімді жолдары бар? Тіл маманы ретінде не айтасыз?

— Латын әліпбиіне көшу арқылы тіл тазалығын сақтаймыз, дыбыстық тазалық болады. Орыс тілінен енгізілген дыбыстар бар бізде. Жат дыбыстарды қолданыстан алып тастап, табиғи тілдік тазалығымызды сақтай аламыз. Қазақ тілін үйрету барысында оқу үрдісінде жеңілдік болады. Бұрын 42 әріп болса енді қысқарып, 32 әріп қалды. Үйрену оңайға түседі. Халықаралық дәрежеге шығатын жол ашылады. Әлемдік деңгейге шығамыз. Түркі әлеміне даңғыл жол ашылмақ.