Қазақстанның төрағалығы «Түркі дәуірі!» ұранымен өтеді

22
фото Астана.тв

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті өтті. Бүгіннен бастап Қазақстан осы ұйымға төрағалық етеді. Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын жариялады.

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға  мүдделі. Ал түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат.
«Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі. Қазақстан ұйымға төраға ретінде өзара іс-қимылды жандандыруға баса мән беріп отыр. Сондай-ақ біз түрлі саладағы байланысты орнықтыруға, халықаралық беделімізді көтеруге күш саламыз», – деді Тоқаев.
Қазақстанның төрағалығы «ТҮРКІ ДӘУІРІ! «, яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді. Ал салт-дәстүр, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация мен энергияға арналған жоспарлар 20-шы саммитке дейінгі он жылды қамтиды.
Негізгі шаралар:
Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтіру;
Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу;
Түркі елдерінің телехикаяларын, өзара насихаттау, әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек тарату;
Стандарттар мен терминологияны жүйелеп, тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашу;
Түркі мемлекеттері ұйымының Референттік орталығын құру;
Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы тұрақты өкілдерді тағайындау;
Орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құру;
ұйымға мүше елдерде әлемдегі үздік университеттердің филиалын ашу;
Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау;
тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту;
2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне арналған аймақтық саммит өткізу;
«Бабаларымыз «Тірлік басқа болса да – тілек бір, бармақ басқа болса да – білек бір» деген. Біздің Түркі ықпалдастығын нығайту жолындағы ортақ табысымыз – соның айқын көрінісі», – деп атап көрсетті Тоқаев.
Бүгінгі самиттің қорытындысы бойынша бірлескен декларацияға қол қойылды. Ал ұйымға төрағалық еткен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке түркі әлемінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін түркі әлемінің ең жоғары ордені табысталды. Келесі саммит Қырғызстанда өтеді.