ОҚМПИ 80 жылдық мерейтойы қарсаңында университет атанды

1122
ОҚМПИ 80 жылдық мерейтойы қарсаңында университет атанды

Өңіріміздегі қарашаңырақ оқу ордасы атанып кеткен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мерейтойдың көркін білім ордасы жағымды жаңалықтармен аша түсті. Оның алғашқысы — Үкімет басшысының қаулысымен осынау білім ошағы университет мәртебесін алды. Осыған орай бір күнде бірнеше жаңа нысандар ашылып, студенттер игілігіне берілді.

Оқу басшылығы және қонақтар алдымен «Ұлттық мұра» студенттер мұражайын салтанатты түрде ашты. Көнеден келе жатқан құндылықтар арқылы студенттер бойына ұлттық рухты сіңіру мақсатында ашылған мұражайда жүзден аса экспонат қойылған. Оның көп бөлігі студенттердің жасаған жұмыстары болса, қалған бөлігін сый-тартуға арналған.

ОҚМПИ 80 жылдық мерейтойы қарсаңында университет атанды
Ақ дастарқаннан дәм татып, толық ақпарат алған білім ордасының ректоры Оналбай Аяшев жаңа нысанды пайдалана отырып, барлық жүкті қызметкерлер осы студенттер жасаған бесікті сатып алсын деп, бизнес көзін ашуға ұсыныс жасады.

Қазақи нақыштағы ортадан шыққан топ тағы бір қызыл лентаны кесті. Бұл — студенттерге арналған спорт алаңшасы. Енді дене шынықтыру және әскери дайындық сабақтары осы жерде өтетін болады. Ашылу салтанатына орай студенттер әскери дайындықтарын көрсетіп, баршаға паш етті.

Спорт демекші, денені қыздырған тек студенттер емес. 80 жылдық мерейтой мәңгі есте қалу үшін оқу орнының басшылығы, зиялы қауым өкілдері және иснституттың байырғы түлектердің қатысуымен 80 түп ағаш көшеті егілді.

ОҚМПИ 80 жылдық мерейтойы қарсаңында университет атанды

Осы күні тағы екі нысан салтанатты түрле ашылып, студенттердің игілігіне тапсырды. Олар — көркем әдебиет және сәндік өнер орталықтары. Алғашқысында әдебиетке жаны жақын студенттер өзіне керек туындыларға қол жеткізіп, түрлі әдеби іс-шараларды ұйымдастыра алады. Ал сәндік орталыққа қолынан өнер тамған студенттердің ең үздік қолөнер жұмыстары қойылады.

Бұл мерейтой қарсаңында әзірленген іс-шаралардың тек бастамасы дейді оқу ордасының ұжымы. Ұстаздар ұстаханасы аталып кеткен оқу ошағы алдағы уақытта да студенттерін қуантуды жалғастыра бермек.

Әлия Әділбек