ОҚМПУ-ға университет мәртебесі ресми табысталды

1707
ОҚМПУ-ға университет мәртебесі ресми табысталды

Оңтүстік Қазақстандағы 1032 мектептің 427-нде ОҚМПУ-дің түлектері директор қызметін атқаруда. Оңтүстікте педагогтар дайындайтын қара шаңырақ атанған педагогикалық университеттің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр.

Сексен жылдың ішінде атауы сан рет өзгерген оқу ордасы 2011 жылдан күні кешеге дейін институт аталып келді. Жақында мерейтой қарсаңында Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен білім ошағына университет мәртебесі берілді. Талай буын ұстаздардың алтын ұясына айналған қара шаңырақ ұжымы өз мерейтойын дүркіретіп атап өтті.

ОҚМПУ-ға университет мәртебесі ресми табысталды

Бұл шаңырақ – талай тарлан түлеген, бала қырандарды түлеткен киелі. Бұл білім ұясының баспалдағы дүлдүл мен бұлбұлдың, қаламгер мен қайраткердің бағын жаққан. Ел тарихында есімі алтын әріппен жазылар тұлғалардың тұсауын кескен. Осы білім ұясында алғаш өлеңін жазып, «Сыр» әдеби бірлестігін басқарған ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай – солардың бірі.

ОҚМПУ-ға университет мәртебесі ресми табысталды

Сексен жылдық салтанатта облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қара шаңыраққа университет мәртебесін растайтын куәлікті табыстады. Ұстаздар ұжымын құттықтап, марапаттады. Ал білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Елбасының құттықтау хатын жеткізді.

ОҚМПУ-ға университет мәртебесі ресми табысталды

Сексен жылдық тарихы бар білім ордасында бар ғұмырын сарып еткен ардақты ұстаздар да, соңынан ерген кейінгі буын оқытушылар да министр қолынан марапатқа ие болды.

Жанар Есенбекова