Оңтүстік Қазақстан облысында халықты өз еркімен жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге көшіру жұмыстары жанданып келеді. Үгіт-насихат жүргізу мақсатында өңірімізге Павлодар облысынан бір топ делегация келді. Топ құрамында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының басшысы Зауыт Болат, Ақсу қаласы, Қалқаман ауыл округінің әкімі Орда Ермекбаев, Екібастұз қаласы, Солнечный ауыл округінің әкімі Маржан Алшимбаева, Ақсу қаласы, Қызылжар ауыл округінің әкімі Жеңіс Әбікен, Май ауданы, Малайсары ауыл округінің әкімі Жанар Комашева, Екібастұз қалалық әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айгерім Шакирбекова бар.
Үгіт-насихат жүргізуді мақсат тұтқан топ алдымен Төлеби ауданына атбасын бұрды. Ауданның ауыл-аймағын аралап, халықпен жүздескен делагация солтүстікке көшуге ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан ұсынылатын басымдықтар мен жеңілдіктерді баяндап берді. Жиынға қатысушыларға Павлодар облысындағы жұмыс күшін талап етіп отырған елдімекендер туралы қысқаша бейнеролик көрсетілді. Айта кетейік, солтүстік аймақтардағы бос жұмыс орындардың денін мемлекеттік қызмет, білім саласы, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларындағы мамандықтар құрайды.
— Бізде соңғы жылдары маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Әсіресе, мемлекеттік қызметте мамандар жетіспейді. Бұл ретте балабақша, мектеп мұғалімдері, денсаулық сақтау саласында еңбек етем деушілерге есігіміз айқара ашық. Ең бастысы – солтүстікке көшуге ниетті мамандардың өз ынта-жігері, қызығушылығы болса, қабылдауға даярмыз, — дейді Қалқаман ауыл округінің әкімі Орда Ермекбаев.
Жалпы, Павлодар облысы егіс егумен, мал шаруашылығымен айналысуға да өте қолайлы. Ондағы ауылды жерде баспана бағасы да аса қымбат емес. Осы жайттарға тоқталған топ мүшелері төлебиліктерді Павлодар облысына қоныс аударып, жұмысқа орналасып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды.
Павлодар облысының келген тағы бір топ Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімшілігінің шағын мәжіліс залында өткен жиынға бас-аяғы 42 адам қатысып, аталған облыстағы бос жұмыс орындарының жай-күйінен хабардар болды. Жиналғандардың ішінен 4 отбасы Павлодар облысына қоныс аударуға ниетті екендерін жеткізді.
Айта кетейік, 2017 жылдың 10 айында Түлкібас ауданынан Павлодар облысының Ертіс ауданына 3 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына 1 отбасы өз еркімен қоныс аударған. Қоныс аударған отбасылардың мүшелері тұрақты жұмысқа орналасып, балалары мектеп-балабақшаларға қабылданды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі