ОҚО-да «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» заң жобасы талқыланды

477
ОҚО-да «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» заң жобасы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысында 427 адвокат қызмет атқарады. Яғни, бұл — бір адвокатқа 6766 азамат жүгінеді деген сөз. Сондай-ақ, облыстағы халық саны көп шоғырланған Түркістан қаласында бір адвокатқа 13 мың азаматтан келсе, Мақтаарал ауданында бір адвокатқа 20345 азамат жүгінеді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиында облыстық әділет департаментінің басшысы Орынбасар Тастанов мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, елімізде адвокаттардың жетіспеушілігі байқалады. Заң көмегін көрсету барысында сапаның төмендігі мен азаматтарды қорғау механизмінің жоқтығы да сезіліп отыр. Осы олқылықтарды шешу үшін елімізде «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Аталған құжатта «заң кеңесшілері» деп аталатын жеке пратикамен айналысатын заңгерлерді палатаға біріктіру мәселесі көзделіп отыр. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибедегі «Про Боно» институтын енгізу жоспарда бар.

ОҚО-да «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» заң жобасы талқыланды

— Қазақстанда «Про боно» жүйесін енгізу әлеуметтік және қаржылық жағдайы төмен азаматтарға өте тиімді болады. Ол халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Мұндай көмек тараптардың ерікті келісімі және жалпы қағида негізінде қайтарымсыз түрде көрсетіледі. Сондай-ақ халықты ақпараттандыру және әділетті баға белгілеу мақсатында тарифтік шкала көзделіп отыр. Ұсынылған тарифтер ескере отырып, азаматтар заң көмегінің орта бағасын анықтауға және хабардар болуына болады, — деді Орынбасар Тастанов.

Өңіріміздегі заң көмегіне жүгінетін азаматтардың көптігі мен адвокат жетіспеушілігіне ерекше мән берген өңір басшысы жаңа заң жобасының маңыздылығына тоқталып, облысымыздағы адвокаттар қауымдастығының жұмысын жүйелеп, маман дарярлау мәселесіне мән беруді тапсырды.

— Облысымызда заң көмегіне жүгінетін азаматтардың қарасы жыл санап артып отыр. Осы ретте өңірдегі адвокаттар қауымдастығының жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, адвокаттарды даярлау мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Бүгінде адвокаттардың беділі мен біліктілігі төмендеп кеткен. Мұның басты себебі — адвокаттық мектептің әлі де болса дұрыс қалыптаспағаны дер едім. Сондықтан жаңа заң жобасын баршамыз бірауыздан қолдауымыз қажет, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

 Жаңа заң аясында адвокат болу үшін мүліктік кедергілер яғни кіру үшін алынатын жарналарды жою көзделуде. Себебі адвокаттардың көбі жоғары мөлшердегі кіру жарналарын төлей алмайды. Оның көлемі елімізде 800 мың теңге болып бекітілген. Жаңа заңнамаға сәйкес, адвокаттардың біліктілігін арттыру механизмі қайта қаралатын болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі