Оңтүстікте биыл 6500 отбасыға 19 млн теңгеден астам көмек көрсетілді

224
Оңтүстікте биыл 6500 отбасыға 19 млн теңгеден астам көмек көрсетілді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облыстық өкілдігінің бастамасымен «Асар» қайырымдылық шарасы аясында биыл өңірде 8 отбасыға баспана берілген. Бұл игі шара болашақта жалғасады. Бұдан бөлек жыл басынан бері 6500 отбасыға жалпы сомасы 19 млн теңгеден астам қаржы көмек ретінде үлестірілді. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек мәлім етті.

Сонымен қатар ҚМДБ-ның өңірдегі өкілдігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» шарасы аясында үндеу қабылданған болатын. Оның мақсаты — өңір тұрғындарын үнемшілдікке үгіттеу. Бүгінгі таңда бұл бастама көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тауып келеді. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларына көбірек мән бірілуде.

— Мәселен, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры ең алғаш рет өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі қызметкерлерге көмек көрсетті. Қажеттілікке орай ай сайын берілетін көмектің орташа мөлшері 50-60 мың теңгені құрады. Бұдан бөлек алдағы 2018 жылы облыстағы 1700-ден астам мешіт қызметкерлеріне көмек беру жоспарлануда, — деді Ахметжан Пірәліұлы. 

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 800-ден астам мешіт бар. Оларда 1800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Отыздан астам дін қызметкері теріс ағым жетегінде кеткен азаматтармен уағыз-насихат жүргізеді. Мәселен, биыл кереғар ағымдармен жұмыс нәтижесінде 70 азамат дәстүрлі дінге оралған. Сондай-ақ, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алу мақсатында облыстық мешіт жанынан «Әйел және қыздар» секторы мен «Әжелер мектебі» ашылып отыр.

Бұдан бөлек облыс аумағында Шымкент, Сарыағаш медресе-колледждері жұмыс істеп келеді. Онда 370 шәкірт білім алуда. 175 шәкірт тегін оқу грантымен қамтылған. Бұл өз кезегінде білікті дін мамандарын даярлауға мол септігін тигізбек.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі