Шымкенттің гүл алаңшалары ғарыштан көрінетін болады. Себебі, шымкенттіктер былтырғы қызғалдақ рекордын жаңартпақ. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Биыл қала аумағында қызғалдақтың миллионнан астам тұқымы егілді. Шаһардың символына айналған гүл қаланың барлық көшелерінде жайқалып өспек. Ал А2 айналма тасжолының бойына егілген гүл алаңшасы ғарыштан түсірілген фотосуреттерден де көрінетін болады деп сендіреді гүл егушілер.
Көздің жауын алар гүл алаңшаларының әрқайсысының дизайны Ғабидолла Әбдірахымовтың кезінде қызу пікірталас нәтижесінде таңдалып, бекітілген еді.
Мұнымен қатар шаһардағы тал-дарақ та біршама жасарады. Қазіргі таңда 616 қарағай егілген. Олардың ішінде 330 қырым қарағайы бар. Қалғандары — қарапайым қарағай. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары мердігер қырым қарағайларын өз қаржысына егеді деп мәлімдеді. Бұл қурап қалған ағаштардың өтеуі болмақ.
Мұнымен қатар ОҚО табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінен қалаға 87 450 жай және қылқан жапырақты көшет беріледі. Олардың барлығы қаланың орталық көшелеріне, мектеп және көпқабатты үйлердің аулаларына отырғызылады. Осылайша 200 катальп, 32 900 қарағаш, 780 боз арша, 8570 шаған, 9500 қараған, 300 терек, 8050 үйеңкі, 700 емен және 20 150 бұталар мен өзге де ағаштар қала көшелерінің көркін аша түсетін болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Бәйдібек би даңғылы хризантем гүлімен көмкерілген. Мұнда осынау күзгі гүлдің 2138 түбі егілген. Ал сүйкімді раушан гүлдерге шаһардағы өзге де алаңшалардан орын табылатын болады.