Түркістандық ғалымдар өсірген қызғалдақ гүлдеді

131

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында қызғалдақ пен гүлдердің 15 түрі жайқалып өсіп тұр. Ғалымдар осы бастама арқылы қызғалдақты жан-жақты зерттеп, сұрыптарын жерсіндіруді жоспарлауда. Өйткені, ғылыми ортада қызғалдақ пен алманың тарихи Отаны – Қазақстан деген пікір бар.

Амангелді Апушев, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
“Қызғалдақты брендіміз деп айтқанымызбен, оның көбейту, селекциялық жұмыстарын атқару бойынша атқарылған іс аз. Қазір біз Түркістанда 15 сұрыпты зерттеп, өсіріп жатырмыз. Жергілікті ауа райына бейімдерін және сұранысқа иелерін іріктеп, арнайы көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ол өте қиын жұмыс. Бұл жұмыстарды бастағанымызға үш жыл болды”.

Қазіргі таңда жылыжайға қызғалдақтың 12 мың пиязшығы отырғызылған. Одан бөлек оқу ордасы маңына 3 мың түп қызғалдақ егілмек.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қызғалдақ жылыжайы мен ботаникалық бақты аралап көрді. Қарағай, өрік, туя және басқа да ағаштарды өсіру технологиясымен танысып, ғалымдармен Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру, осы аймаққа жерсінетін түрлерін өсіру бағытында пікір алмасты.