Түркістан облысында алғаш рет голландиялық қызғалдақ өсірілді

203

Түркістан облысында Голландиялық қызғалдақтар алғаш рет өсірілді. Шаруалар Қазақстан климатына гүлдің жақсы жерсінгенін айтады. Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылының тұрғындары түгел дерлік гүл өсірумен айналысады. Шағын елдімекен халқы бұл кәсіпті негізгі табыс көзіне айналдырған.

15 жылдан бері гүл өсіріп, нәпақасын тауып отырған Молдағали Дәрікөзов биыл он соттық жерге қызғалдақтың оннан аса түрін еккен. Үш айдың ішінде бүр жарған мыңға жуық гүл қазір көз жауын алардай жайқалып тұр. Оларды мәпелеп өсірген бағбан, гүлдің әрбірін иісінен-ақ ажырата алады. Ал, түр-түсін жатқа біледі.

Молдағали Дәрікөзов, шаруа: «Күнде тұрса да ашылмайды. Кей түрлері бар, күнде тұрса ашылып кететіндері бар. Бірақ шыдамды бұлар. Ұзақ тұрады гүлдер. Биыл 15 түрін ектік. Базар тартымдал дейді ғой, сол сияқты 7 түрі егілген».

Бұл жылыжайда голландиялық қызғалдақтар алғаш рет өсірілді. Шаруалар Көктем гүлінің тамыры тереңге тартып жерсінуіне биылғы қыс ауасы қолайлы болды дейді.

Дербісек ауылы ел ауызында «Гүлдер мекені» аталып кеткен. Себебі шаруалар жылдың төрт мезгілінде гүл сатады. Шағын ғана ауылда елуден аса шаруашылық қызғалдақ өсіреді. Солардың бірі Мехти Шаусейновтың шаруашылығы. Мұнда ақпан айынан бері тыным жоқ. Себебі Алматы, Астана сынды ірі қалалардан соңғы бір айдан бері тапсырыс көп. Қазір сегіз сотық жылыжайдың жартысы босап қалған. Әр талын 300-320 теңгеден сатады екен.

Мехти Шауейнов, шаруа: «Тапсырысты бір жыл бұрын береді. Санын, түстерін айтады. Біз Голландияға тапсырыс береміз. Қарашада Голландиядан жүк көлігімен келеді».

Еуро құнының қымбаттауы шетелдерге көлік тасымалын қиындатты. Ал бұл отандық шаруалар үшін тиімді болып тұр. Сондықтан бағбандар жылыжай аумағын үлкейткен.

Уалихан Нұсқабекұлы, кәсіпкер: «Шетелден тасымалдау әзір қиын. Тікелей ұшақпен әкелу жоқ. Жүк көліктерімен Еуропадан келеді. Негізі Эквадордан Голландияға келеді, Голландиядан Қазақстанға артылады. Ал енді осы жергілікті диқандардың шығарған гүлі тиімді. Әрі шетелдің гүлдерінен сапасы кем емес».

Қазір Дербісек ауылында сауданың нағыз қызған шағы. Жергілікті тұрғындар маусым кезінде тынымсыз еңбек етіп, көп табыс табуды көздейді. Жері құнарлы, климаты жылы өңір гүл өсіруге өте қолайлы дейді шаруалар. Ал қазір гүл егілген жылыжайларға кейін қызанақ пен қияр егіледі екен.