Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының шаруалары биылғы 9 айда 25 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 млрд теңгеге артық. Диқандар 64 906 гектар алқап дәнді-дақылдың әр гектарынан 18,5 центнерден, ал мақсарыдан 12,5 центнерден өнім алды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында журналистер осындай игі істің куәсі болды. БАҚ өкілдері аудандағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан шаруалармен танысып, бірқатар кәсіпорындарды аралап көрді.
Ала жаздай еткен еңбектің жемісін көрген шаруалар «Алтын күз» ауыл шаруашылығы мерекесінде бас қосып, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізген бірқатар шаруалар марапатталды. Салтанатты жиында түлкібастық тұрғындарға киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдардан ас мәзірлері ұсынылды. Сонымен қатар, төменгі бағада ауыл шаруашылығының өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстырған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков биылды шаруалар жемісті аяқтап отырғанын атап өтті.
— Аудан көлеміндегі 571,8 шақырымды құрайтын 111 канал коммуналдық меншіктен республикалық меншіктің теңгеріміне қабылданды. Ауданымызда биыл жаңа 31 өндірістік кооперативі ашылып, 385 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар 261 мал бордақылау алаңы, 82 шағын сүт фермасы ашылды, — деді Нұрбол Тұрашбеков.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы әр түрлі бағдарлама шеңберінде жыл басынан бері 237 млн теңге болатын 71 жоба, ал ауыл азаматтарын ынталандыру үшін «Ырыс» қаржы ұйымы арқылы 218 млн теңге көлемінде 55 жоба қаржыландырылғанын айтты.
Осындай мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылай қолдау тапқан жобалардың бірі — «Қазақбай» өндірістік кооперативі. Мал бордақылаумен айналысатын кооперативтің бүгінде үш мүшесі бар. Олар кооперативке бірігудің нәтижесінде жұмыстарын жүйелеп, мемлекеттен жеңілдетілген 3 млн теңге несие алған. Алдағы уақытта жұмысын кеңейтіп, қосымша субсидия алуды жоспарлап отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі