Жаңа жыл мерекесінде балаларға ойыншық сыйлауға асықпаңыз. Облыстағы сауда орындарынан талаптарға сай келмейтін ойыншықтар анықталып жатыр. Жыл бойына атқарылған жұмыстарды қорытындылап шыққан өңірлік қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары осылай дабыл қақты.
Салаға жауаптылар жыл басынан бері балалар ойыншығына қатысты 67 сынама жүргізген. Зерттеулердің нәтижесінде 4 түрлі ойыншық талаптарға сай емес деп табылған. Оның 3-уі дұрыс таңбаланбаған Ресей өнімдері болса, біреуі Қытайдан жеткізілген. Соңғы ойыншықтың жағамсыз исі тіпті қолқаны қабады дейді мамандар.
Балалардың денсаулығына қауіпті деп танылған ойыншықтар еліміздің өзге қалаларынан да анықталған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда сапасыз ойыншықтар саны 0,4%-ға ғана азайған. Сондай-ақ, олардың 35 пайызына жуығының техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталды. Физика-химиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша таңбалау ережелері бұзылған.
Ойыншықтардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Беларусь пен Өзбекстанда, Қырғызстан мен Украинада жасалған. Өзге өнімдердің қайда шығарылғаны белгісіз дейді сарапшылар. Айтуларынша, сапасыз ойыншықтардың нарыққа шығуына бірден-бір себеп — ұсақ саудагердердің тауарды еш бақылаусыз қол жүгімен әкелуі. Биыл 1,5 тоннадан астам балалар ойыншығы айналымнан алынған.
Айта кетейік, департамент мамандары балалар ойыншығына қатысты ай сайын рейд жүргізіп отырады. Қауіпті тауарды сатып, табысқа кенелмек болған кәсіпкерлерге осыған дейін 45 мың теңгенің айыппұлы салынған.
Мақпал Рысбаева