Тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласы бүгінде өндірісі өрге өрлеген аудандардың алдыңғы көшінде. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ауданға жұмыс сапарымен барды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көптеген көмектің арқасында көшін түзеген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің атқарып отырған жұмыстарымен танысты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Лидер» балабақшасының салтанатты ашылуына қатысты. Түйе сүтін пластик ыдыстарға құйып шығаратын цех жұмысымен танысты.
Теміржол торабын тоғыстырған Арыс ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Ауданда шаруақожалығына бірігіп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, шаруасын шалқытып отырғандар көп.
<Нұралы Жаңбыров, шаруа: «4 миллион теңге көлемінде несие алып, 20 бас ірі қара алдық. Елбасына, облыс әкіміне рахмет осындай жағдай жасап, жеңілдетілген несие қарастырғанына. Несиені биыл алдық, жақында бастадық жұмысымызды, 5-6 ай болды. Қазір 5 сиыр төлдеді. Соның сүтін өткізіп жатырмыз. Күніне 50 литрге дейін. Болашақта көбейтеміз деген жоспарымыз бар. 200 литрге дейін жеткізсек деп отырмыз.»
Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Ауыл шаруашылығы егін шаруашылығына берілетін субсидия көп жеңілдетілген. Мінекей бір ғана шаруа 20 сиыр алып отырсыз. Осы сияқты 47 шаруашылық ашылып отыр ауданда. Осы 47 нің өзінде 15-20 сиырдан көбейткенде жүздеген басқа көбейеді. Мал алғанда тек мал ғана емес оған шөп керек, жем керек. Қаншама жұмыс орындары ашылар еді.»
Ауданның түйе шаруашылығын дамытуда да асығы алшы. Саналы елді мекенін былайғы жұрт «қымыранның кені» деп атайды. Бүгінде шұбат өндірумен атағы алысқа кеткен шаруалар «Желмая» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріккен. Мұнда күніне 1500 тоннаға дейін шұбат өндіріледі. Бөтелкеге құйылған дайын шұбат өнімі Астана, Ақтөбе қалаларына жіберіледі. Өндіріс өнімімен танысқан өңір басшысы өзінің оң бағасын берді.
Бұдан кейін облыс әкімі жаңадан ашылған балабақшаға ат басын бұрды. Аты өзге тілде болғанымен, өз қаракөздеріміз тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер мекені заманауи стандартқа сай салынған.
Зүлфия Әміреева, «Лидер» балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы: «Қуаттылығы 360 орындық. 3- жас пен 6 жас аралығындағы балаларды қамтып отырмыз. 64 жұмысшы бар. Оның ішінде 34-і педагог, 30-ы кіші қызметкерлер. Психолог, логопедіміз бар. Орыс тілі, ағылшын тілі қамтылған. Ата-аналар бұрышын ашсақ деген жоспарымыз бар. Тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасамақпыз.»
Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі шаруаны қолдауға тапсырма беріп, кедергілерді жоюды бұйырды.