2018 жылы Шымкенттегі қоғамдық көлік саласында өзгеріс бола ма?

425
Автобус кондукторлары айқайламауы тиіс

Алдағы жылы Шымкент қаласындағы жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлік саласында үлкен өзгеріс болады деп күтілуде. Бұл жыл сайын айтылатын ұран дерсіз. Мүмкін. Өйткені биыл 2017 жылы жаңарады деген жолаушы тасымалдау саласы өзгеріссіз қалды. Қала басшылары қоғамдық көлік мәселесін оңтайландыру үшін талай тәсілді қолданып көрді, бірақ, нәтиже шықпады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жодары бөлімі 10 бағыт бойынша екі мекемемен келісім-шартты бұзды. Қазір облыс орталығындағы жолаушыларға 26 көлік компаниясы қызмет көрсетеді. Күн сайын қала көшелеріне шығатын 1090 автобус пен шағын көліктер таңертеңнен кешке дейін 551 мың жолаушыны тасымалдайды. Өкінішке орай, әлі күнге дейін жолаушылардан көрсетілген қызметтің сапасыздығына шағым толастамай отыр.

Аялдамаларда сағаттап автобус күтуге шымкенттіктердің еті үйреніп келеді. Қалтасы көтергендер таксимен жүруге мәжбүр. Өйткені тасымалдаушылардан әбден көңілі қалған. Айтуларынша, жер құрғақта амалдап жүргенде күн суып, жерге қар түссе қатынас қиындап, кетеді. Әсіресе, қала сыртынан қатынау қиын.

Көлік жүргізушілерінің жыл сайынғы ұраны тауық жылы да қайталанды. Қысқы сұйық отынның жоғы жалғасты. Алдын ала дайындық тағы да ұмыт қалған. Желеу жылдан жылға жалғасып келеді.

Осындай мәселелердің салдарынан болар, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердің бағытқа шағуы бар болғаны 68 пайызды құрап отыр. Муниципалды парк ашып, 100 жаңа автобус әкелуді қала басшылығы жыл басында жоспарлаған, бірақ ол орындалмай тағы қалды.

Бұған дейінгі қала әкімі Ғабтдола Әбдірахымов осы мәселені шешу жолын қарастырып, талай тәсілдерді қолданды, тіпті шенеуніктердің қызметтік көліктерін алып, бір ай бойы қоғамдық көлікпен қатынауға тапсырма берді. Өкінішке қарай, одан да нәтиже шықпады. 135 автобус жаңаланады деген жоспар тек 14 пайызға орындалған. Оның өзіндік себебі де бар дейді қала әкімі Нұрлан Сауранбаев. Айтуынша, көлік компанияларына қойылған талап тым қатал.

Енді 2018 жылдан бастап қоғамдық көлік компанияларымен жасалатын келісім-шарттарға өзгеріс енгізіледі. Шаһардың жаңа басшылығы осы бағытта жұмыс жасаймыз деп тағы уәде етті. Ал оның нәтижесін уақыт көрсетер.

Нұрлан Күдерұлы