Шымкентте салынып жатқан Астана-1 және Астана-2 қосалқы станцияларының құрылысы жалғасады. Қажет қаржы қалалық бюджеттен бөлінетін болды. Кезекті 23-сессияда басқосқан халық қалаулылары үнемделген қаржыны да құрылымдық жұмыстарға жұмсауға рұқсат берді.
Сессиядан бұрын депутаттар тұрақты комисияда бас қосты. Халық қалаулылары облыстан бөлінетін 4 млрд 180 млн теңге трансферттің халықтың игілігіне жұмсалса деген тілектерін жеткізді. Себебі бюджеттің қаражатына басталған талай құрылыс аяғына дейін жеткізілмей, шаһарымызда «сақалды» құрылыстар көбейіп кеткен.
Халық қалаулылары мысалы ретінде Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысындағы жер үсті өткелінің құрылысын сөз етті. Айтуларынша, екі жылдан бері аяқталмай, жайрап жатқан құрылыс қалалықтардың жүріп-тұруын қиындатқан. Ал шенеуніктердің бұған айтары да жоқ емес. Мердігермен соттасып жатырмыз дейді. Екі арадағы тартыс, тіпті, еліміздің жоғарғы сотына дейін жеткен көрінеді.
Халық қалаулылары республикалық трансферттен бөлінген 3 млрд 771 млн тенгенің тағдырына да алаңдайды. Айтуларынша, осы қаржының 3.3 млрд теңгесі жұмсалатын Астана 1 және Астана 2 қосалқы станцияларының құрылысын да қадағалау қажет. Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі жүйелі жұмыс жасамайды деп ашық айтты.
Сауалдарына нақты жауап алған депутаттар қала бюджетінде орын алған толықтырулар мен өзгерістерді бірауыздан қолдап, қол көтерді. Қалалық мәслихаттың сессиясына алғаш қатысқан қала әкімі Нұрлан Сауранбаевқа алғысын білдіріп, алдағы уақытта берлесе жұмыс атқаруға сенімдерін білдірді.
Нұрлан Күдерұлы