Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қаладағы А.Асқаров көшесінің бойында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындарының қалтасына қонымды бағада сатылған жәрмеңкеге келгендердің қарасы қалың болды. Әр аудан өз өнімдерін базардағыдан әлдеқайда төмен бағамен ұсынды.
Жәрмеңкеде картоп -75, сәбіз – 75-80, қырыққабат – 50, қой еті – 1250, сиыр еті – 1300, жылқы еті – 1350-1400, мандарин – 300-350, қызанақ – 400-500, қияр – 500 теңгеден сатылды. Барлық аудандардан әкелінген өнімдердің жалпы салмағы 230 тоннадан астам болды. Жәрмеңкеге облыс әкімінің өзі келіп баға бағамын бағамдап қайтты.
Мұнда әлеуметтік тұрақтандыру қорының өнімдері де ұсынылды. Әрине, арзан бағада. Жәрмеңке сағат тоғызда басталды. Ұйымдастырушылар жәрмеңкедегі баға нарықтағыдан 20-30 пайыз арзан болады деп уәде еткен болатын. Уәденің ауылы алыс болмады. Оған жәрмеңкеге келгендер куә.