Боралдай ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді

749
Боралдай ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Боралдай ауыл округіне қарасты Орынбай Тайманов пен Ақжар елдімекендерін қосатын аспалы көпірдің ашылғанына жергілікті халық дән риза. Іс-шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрғали Айтбеков қатысып, көпірдің ауыл жұрты үшін маңызды екенін айтты.

— Облыстық бюджеттен 45 миллион 306 мың теңге қаржы бөлініп, маусым айында ұзындығы 144 метр болатын аспалы көпір құрылысын қолға алған «ЖБИ-С» ЖШС нысанды белгіленген мерзімде ел игілігіне пайдалануға беріп отыр. Тұңғыш Президент күніне орай беріліп жатқан көпір ел игілігіне қызмет ете берсін! — деді Нұрғали Мәметұлы.

Боралдай ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді

Айта кету керек, біраз жылдардан бері 300-ге жуық тұрғыны бар Ақжар ауылын қосатын көпірдің нашарлығынан Боралдай өзенінен өту ауыл тұрғындары үшін қиынға соққан. Көптің тілегі орындалып, көпірдің пайдалануға беріліп отырғандығына жергілікті тұрғындар ризашылықтарын білдіріп отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі