Газ құралдарын пайдалану ережесі түсіндірілуде

375
Газ құралдарын пайдалану ережесі түсіндірілуде

Шымкентте төтенше жағдай жиілеп кетті. Әсіресе, көгілдір отын пайдалану техникасын бұзғандар опық жеп жатыр. Осыны ескерген жауаптылар іске кірісті. Төрт аудан әкімдігі төтенше жағдай басқармасының мамандарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Абай ауданы әкімдігінің өкілдері кезекті рет үй-үйді аралап, тұтынушылармен кездесті. Қауіпсіздік ережесін сақтауды тағы ескертті.

Газ құралдарын пайдалану ережесі түсіндірілуде

Темірлан тасжолының бойындағы мына көпқабатты үйде 60 пәтер бар. Тұтынушылардың тағдырына немқұрайлы қарамайтын жұмысшы тобы барлық пәтерге кіруге тырысып-ақ бақты. Өкінішке қарай, тұрғындардың бірі үйінде болмаса, енді бірі пәтерлеріне кіргізуден бас тарты. Соған қарамастан тексерушілер бірнеше үйге бас сұқты. Байқағанымыз, барлық пәтерде дерлік көгілдір отынды пайдалану ережесі өрескел бұзылған. Жеке жылыту жүйелері ортақ мұржаға қосылыпты, ал нұсқамаға сай әр қазандықтың өз мұржасы болуы тиіс.

Газ құралдарын пайдалану ережесі түсіндірілуде

Жалпы, Абай ауданы бойынша 453 көпқабаты, 41 мың 63 жеке үй бар. Аудан бойынша құрылған 12 топ сол үйлердің бәрін толық аралап, үй иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту парақшаларын табыстауы тиіс. Аудан әкімінің айтуынша, 6 күннен бері жұмыстың 60 пайызы орындалыпты. Сондай-ақ, бұл жұмысқа ұстаздар тартылмағанын айтып, ағынан жарылды.

Бұдан бөлек барлық шағынаудандарда ауыл билері, көше төрағалары мен төрайымдары осы жұмысқа жұмылдырылыпты. Мұндағы мақсат — көгілдір отын пайдаланушы жерлестерімізді қайғылы оқиғадан сақтандыру.

Нұрлан Күдерұлы