Сапалы сумен қамтимыз деп сан соқтырып кеткен пысықайлардың ісі сотта қаралуда. Төлеби ауданында 7500 абонент осыдан 2 жыл бұрын таза тіршілік нәріне қол жеткізуі тиіс еді. Алайда тозығы жеткен су жүйелерін жаңарту үшін қолға алынған жоба аяқсыз қалды. Осылайша артық қыламыз деп тыртық қылған жергілікті билік өкілдері амалсыздан ескі су көзінен тіршілік нәрін ажыратып беріп әлек.
Бұл — таулы аудандағы Көктерек бұлақ көзінің сорғы стансасы. Ашық су көзіненен тіршілік нәрін ажырату жобасына 4 млрд теңгеден астам қаржы қаралыпты. Құрылыс 2011 жылы басталып, 2015 жылы тапсырылған. Алайда қомақты қаражатқа салынған нысан қазір әжетке жарамай тұр дейді «Леңгір су » ЖШС ақау бөлімінің басшысы Айтбай Тәжібаев.
Халықтың тіршілігіне қазір жабық бұлақ жарап тұр. Мамандар әупірімдеп жүріп абоненттерін ескі су көзіне қосып берген. Жуырда жауаптылар судың жарамдылығын анықтап, оң қорытынды бергенімен, бұл су көлемі халыққа жеткіліксіз. Нысандағы шайынды суды тазалайтын қалбиған құрылғылардан да қайран жоқ. Себебі, қуаттылығы төмен құрал-жабдықтар қажетті суды тазартуға қауқарсыз.
Төлебиліктерді сапалы ауызсумен қамтитын Қарабастау бұлақ көзіндегі жағдай да көңіл құлазытады. Кем-кетігі көрер көзге ұрып тұрған жөндеу жұмыстарының шалалығынан халық әжетіне жарауы тиіс су қазір далаға кетіп жатыр. Обалдағы-ай деп ашынған мамандар мұндағы қыруар ақшаға келген құрал-жабдықтардың жарамсыз екенін айтады.
Бар-жоғы екі қабатты тұрғын үйдің жоғарғы бөлігіне су жетпейді дейді тұрғындар. Ал есептеуіш құралдары көлкіген суда тұр. Леңгір тұрғыны Меруерт Әшірбаева жаз бойына тұрғындардың суға жарымайтынын жеткізді. Жиі тоқтап, халықты әбігерге салады дейді. Айтуынша, қайта қосылғанда су бұлыңғыр тартып, ішуге жарамсыз болып қалады.
Ал әкімдік өкілдері жіті зерттелмеген жобаға қатыстылардың ісі қазір сотта қаралып жатқанын айтады. Бір қызығы, 5 жылға жуық жүргізілген құрылыстың қалай қабылданғанын олар да түсінбей дал.
Қазір сапасыз жұмысқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Шенеуніктер сот шешімі нақтыланбайынша халықты сапалы сумен қамту шараларының жобалық-сметалық құжаттамасына кірісе алмайтындарын жеткізді. Бұл жұмыстардың өзі жарты жыл уақытта алатын ұқсайды. Ал жауапсыз компаниялардың зардабын шеккен халық қашан сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді деген сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.
Мақпал Рысбаева