ОҚО-да индикаторлардың орындалу барысы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде жыл қорытындысына байланысты алқалы жиын өтті. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев басшылық еткен басқосуда облыстың 2017 жылғы межеленген жоспарларын орындау барысы талқыланды. Жиында сала индикаторларының орындалуы, инфляция деңгейі, облыстық бюджеттің игерілуі сынды мәселелер сөз болды.

Облыс басшысы құрылыс, өнеркәсіп индикаторларын әлі көтеру керегін ескертті. Сондай-ақ, сала басшыларына облыстық бюджеттің уақытында игерілуін және азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды тапсырды.

– 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің игерілуі 98,2 пайызды құраған. Меже жыл соңына дейін толық игерілуі тиіс. Біздің өңір – халық ең көп қоныстанған аймақ. Сондықтан тұрғын үй құрылысы жандана түсуі керек. Бұдан бөлек жыл соңына қарай азық-түлік бағасы қымбаттауы мүмкін. Осы мәселеде бақылауды күшейтіп, жіті қадағалауда ұстау қажет. Қыс айларында коммуналды қызмет бағаларының да тұрақты болуын қамтамасыз етуді де назарда ұстаған жөн, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын барысында сөз алған облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков өңірдің 1 айдағы инфляция деңгейі 101,7 пайыз көлемінде екенін жеткізді.

– Облыстың жалпы өндірген өнім көлемі 773 млрд 473 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға инвестиция бойынша 417 млрд 14 млн теңге түскен. Бөлшек саудадағы тауар айналымы 380 млрд 883 млн теңге, ал көтерме сауда 554 млрд 45 млн теңгені құрады, – деді Айдар Ахметбекұлы.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жауапты мекемелерге инфляция деңгейін реттеп, аудандарда «Әр ауылдың өз шебері» жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі