Жыл басынан бері өңірден 3 мың тоннадан астам ет экспортталған. Күнгейлік шараулар өнімдерін ТМД, Еуропа елдеріне жөнелтіп отыр. Салаға жауаптылар жылдан-жылға сыртқа шығарылатын ет көлемінің артып отырғанын айтады. Ет өндірісіне тиесілі мемлекеттік қолдаулар қалай жүзеге асып жатыр? Өңірдің ет өндірісіндегі әлеуеті қай деңгейде?
Облыста ет өндірумен және өнімді экспортаумен айналысатын бірнеше шаруашылық бар. Ең ірісі — Қазығұрт ауданындағы «Қайып ата» ЖШС. Жыл басынан шаруалар Иранға 6 мың бас қой етін, Өзбекстанға 300 бас ірі қара мен 32 жылқы экспорттапты. Одан бөлек ел нарығына 400-ге тарта тонна сиыр еті мен 2 тоннаға жуық қой етін саудалаған.
Нұралы Байтуовтың мал шаруашалығымен айналысып жатқанына оншақты жыл. Шаруашылыққа бас-көз болып жүрген бригадир малға да қарап, малшылардың жұмысын да қадағалайды. Айтуынша, бабында бағылған біздің малдың еттеріне шетелдіктердің қызығушылығы зор.
Аудандағы шаруа қожалықтарының бірінде зоотехник болып жұмыс істейтін Нұржігіт Орынбаев ұсақ мал баптау да оңай емес дейді. Малдың күтіміне аса мән беретін маман жем-шөпті сырттан тасып алмай, өзімізде өндіреміз дейді.
Етті қайта өңдеуде де өңірді бірқатар ілкімді жобалар бар. Солардың бірі — «Нәрлен» шұжық өңдеу цехы. Күн сайын мұнда 7-8 сиыр сойылады. Бүгінде еліміздің ірі қалаларына тауар жөнелтіп отырған серіктестікте 70 түрлі өнім шығарылады. Жылына 400 тонна ет өңдейтін цех Ресейге де тауар экспорттайды.
Айта кетейік, қазір қазуғұрттық шаруалар берісі Өзөбекстан, арысы Түркия, Иран елдеріне ет жөнелтеді. Ата кәсіпті түлетуде жергілікті тұрғындардың үлесі зор. Киелі өңірдегі 40 шақты ауыл шаруашылығы кооперативінің дені ет өнідірісіне бағытталған.
Базардағы бағаны бағамдап көрсек. Жиырма жылдан бері ет сатумен айналысатын Рахманәлі Балтаев соңғы бес жылда өзге азық-түлік өнімдерімен салыстырғанда ет өнімдерінің аса қымбаттамағанын айтады. Баға тұрақтылығын нарықтағы бәсекелестікпен байланыстырады.
Қыс келісімен жылқы етіне сұраныс артады. Сатушылар соңғы кездері қой етіне деген сұраныстың тым азайып кеткенін жасырмайды. Қалай дегенмен, өңірдің ет өндірудегі әлеуеті зор. Мамандар мал шаруашылығы бойынша күнгейде тұрақты өсім байқалады деп отыр. Мәселен, ірі қара малдың саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға артса, қой мен ешкі 1%-ға өскен. Ал жылқы 19,8 %-ға артып, 278 мың басты құрап отыр. Салаға жауаптылар өңірдің ет өнідірісін дамыту үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың да өз деңгейінде орындалып жатқанына сендіреді.
Бүгінде облыста мал бордақылайтын ірі 10 агроқұрылым жұмыс істейді. Жыл басынан бері 105 тонна сойыс салмақтағы ет өндірілген. Сала мамандары жылдан-жылға экспорт көлемінің де артып отырғанын айтады. Биыл 218 тонна ірі қара мал, 110 тонна қой еті, 2485 құс еті экспортталған.
Мақпал Рысбаева