Оңтүстіктегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады

271
Оңтүстіктегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады

Қыс ауасында азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу керек. Бұл үшін тұрақтандыру қоры тиісті шараларды атқарып, халық көп тұтынатын өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап, бағаның өзгермеуіне ықпал етуі тиіс. Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығында орналасқан өңіріміздегі тұрақтандыру қорының қоймасын аралап көрген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деді.

Оңтүстіктегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады

Тұрақтандыру қоры бүгінде халыққа қажет барлық тауарды Шымкент қаласындағы таяуда ғана пайдалануға берілген көлік-логистикалық орталығында сақтауға кіріскен болатын. Қор қазір мұндағы 4 мың шаршы метр қоймаларды жалға алып, 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарын сақтап отыр. Серіктестіктің жұмысымен танысқан өңір басшысы бағаны тұрақтандыруда заманауи қоймалардың маңызды екенін жеткізді.

 

— Еліміздің солтүстік аймақтарында қыстың кеш түсіп, жылы температураның сақталуына байланысты тауар өндірушілердің қоймалардағы картоп, сәбіз өнімдері шіріп кетіп жатыр. Соның салдарынан қоймалардағы тауарлар жаппай сатылуда. Бұның соңы алдағы көктем айларында нарықта кейбір өнім түрлерінің тапшылығына алып келуі мүмкін. Сондықтан облысымызда құрылған тұрақтандыру қоры Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығындағы жаңа заманауи қойманы пайдалануды қолға алды. Қордың бұл әрекетін құптарлық деп бағалаймын, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Оңтүстіктегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады

Өңір басшысы қордың жалға алып отырған қоймаларын аралап көріп, ет пен ет өнімдерін де сақтауға кеңес берді.

— Бұған дейін тұрақтандыру қоры тауарларын Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді, міне, Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларды сақтау мерзімі ұзарып отыр. Қазірдің өзінде біз осында сақталған картоптарды 85 теңгеден, сәбізді 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығарудамыз, — деді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов.

Оңтүстіктегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады

Айта кетейік, мұндағы барлық тауар биржа арқылы сатып алынады. Екі жақты шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп беріп отырады. Ал әлеуметтік маңызы бар бұл азық-түлік қоры баға шарықтап кеткен жағдайда бәсекелестік орта қалыптастырып, оны қайта қалыпқа келтіруге сеп болмақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қараша айына белгіленген 101 пайыз баға индексі 98,5 пайызға төмендеп отыр. 

ОҚО әкімнің баспасөз қызметі