ОҚО әкімдігінде еңбек заңнамасының сақталу барысы қаралды

302
ОҚО-да индикаторлардың орындалу барысы талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәжіліс залында әкімдіктіктің селекторлық отырыс өтті. Онда жыл қорытындысы мен бюджеттің орындалуы мен төтенше жағдайлардың алдын алу және еңбек заңнамасының сақталуы бойынша мәселелер қаралды.

Жиында облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы А.Мамытбеков 11 айда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде жалпы 959 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 491 мемлекеттік ұйымдар.

— Жүргізілген тексерулердің барысында 1187 заң бұзушылық анықталды. Анықталған бұзушылықтардың ішінде 1104 жойылды немесе заңға сәйкестендірілді,– деді басқарма басшысы.

Баяндамашы, сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларының азаматтардың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттарын уақтылы қарауы әлеуметтік даулар мен қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуда айтарлықтай роль атқаратынын атап өтті. Яғни, аталған кезеңде басқарма 2186 азаматтың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттарын қарап, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берген.

Баяндамашыны мұқият тыңдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев басқармаға әр мекемеде еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды айтып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Мәжілісте бұдан бөлек ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов иіс газынан уланып, қаза болу фактілерінің алдын алу бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста өрттен және улы газдан уланудың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде төтенше жағдайлар азайған. Мәселен, былтырмен салыстырғанда облыс көлемінде иіс газынан улану — 4 пайызға, қайтыс болғандар — 35 пайызға, ал зардап шеккендер саны 29 пайызға азайған.

Сонымен қатар жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Абдрахман Тасыбаев бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасады.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі аудан, қала басшыларына төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша өз аумақтарында жұмысшы тобын құрып, газ қондырғыларын талапқа сай пайдалану бойынша зерттеулер жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және жыл соңына дейін бюджет қаражатын толығымен игеру үшін тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі