Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында қайырымдылық қаржысының бір бөлігі науқас 9 баланың ем-домына жұмсау үшін олардың ата-аналарына берілді.
Бұл қаржы Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болуымен қараша айында өткен «Қайырымдылық – қайырлы іс» форумы аясында жиналған болатын.
Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің отырысына арнайы шақырылған ата-аналарға қаржыны (әр балаға 400 мың теңгеден) кеңес мүшесі, облыстық мәлихаттың депутаты Әбілқасым Досболов табыстады.
Өз кезегінде жаны жомарт жандардың жанашырлығына ризалығын жеткізген ата-аналар осындай игі іске бастамашы болған облыстық ассамблеяға және мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді емдеуге, оңалтуға қол ұшын созған барша азаматтарға айрықша алғыстарын білдірді.
Еске салайық, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен 28 қарашада өткен қайырымдылық форумында 2,5 млн. теңге 5 баланы емдеу үшін олардың ата-аналарына (әрқайсына 500 мың теңгеден) берілген болатын.