Оңтүстік Қазақстан облысында биыл тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны байқалады. Мәселен, өткен жылы көпқабатты 44 үй, яғни, 214,6 мың шаршы метр болатын 2564 пәтер тапсырылса, биыл облыста барлығы 976,9 мың шаршы метр болатын 245 көпқабатты үй салынуда.
Бүгінде соның 347,2 мың шаршы метрі, яғни, 91 үй пайдалануға беріліп, 4733 баспана ел игілігіне үлестірілді. Өткен жылғымен салыстырғанда өсім 61,8 пайызға артқан. Бұл жұмыстар облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қалада көпқабатты үй санын көбейту бойынша берілген тапсырмасының негізінде жүзеге асып отыр.
Жыл басында аймақ басшысы облыс орталығындағы негізгі мәселелердің бірі баспана екенін айтып, қала орталығында көпқабатты үйлердің құрылысына басымдық беріп, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жайын қарастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, қаланы дамытудағы кезекті бір жиынында қаладағы үйлердің 70 пайызын жер үйлер құрағандықтан, олардың инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету аса көп шығынды талап етіп отырғанын және жеке үй құрылысы көптеп салынуынан орталықтың сәулеттік келбетіне де айтарлықтай кері әсерін тигізгенін ескерткен. Осы ретте облыста алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үй салу қарқыны еселене түспек. Яғни, 2018 жылы өңірде осы жылдан өтпелі көпқабатты 154 тұрғын үйдің құрылысы мен қосымша жаңадан 100 үйдің құрылысы басталмақ.
Жалпы, өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыты бойынша 620 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліп, осының нәтижесінде оңтүстікқазақстандық 6553 отбасы баспаналы болды. Құрылысы біткен үйлердің ішінде 347,2 мың шаршы метрі көпқабатты болса, 272,3 мың шаршы метрі — жеке тұрғын үй.
Тұрғын үй құрылысына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артық. Оның ішінде 18,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияны құрайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі