Облыс әкімі ардагер мен көпбалалы отбасыны жаңа жылмен құттықтады

437

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Жаңа жыл мерекесімен құттықтап Ұлы Отан соғысының ардагері Қаратай Төлебеков пен көпбалалы отбасылардың шаңырақтарында болды.

Өңір басшысы ең алдымен майдангер  Қаратай Төлебековті мерекемен құттықтап отбасына барды. Еңбек ардагеріне құрмет көрсеткен әкім өңірдегі атқарылған жемісті жұмыстарды атап өтіп, бүгінгі жастардың іскерлігін сөз етті.

«Бүгінгі жас ұрпақ өзіңіздей тұлғаларға еліктеп өсуі керек. Сол арқылы еңбекқорлықты, батырлықты бойына сіңіреді. Қазыналы қарттарымыз ұлағатты болашағымыздың кепілі. Еліміздегі барлық ардагерлеріміздің дендері сау, жастары ұзақ болғай», — деді әкім.

Қаратай Мұратбекұлы 1942-1945 жалдары Калинин, ІІ-Балтық фронттарында қатардағы жауынгер, кіші бөлім командирі, батальон комсоргі, әскери химик болған. Отан соғысының ІІ-ші дәрежелі және «Құрмет белгісі» орденімен, Сондай-ақ  білім саласындағы жемісті еңбектері үшін «Білім саласындағы ерекше еңбектері үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы көпбалалы отбасы Жүсіпбаевтар шаңырағында болып, балаларға жаңа жылдық тәттілер үлестіріп, теледидар сыйлады. Қуанышқа бөленген балғындар облыс әкіміне өз өнерлерін көрсетті.Тоғыз баланың анасы Айнұр Жаксылықова бүгінде «Алтын алқа» иегері атанған.

Тәуелсіз еліміздің демографиялық өсіміне елеулі үлес қосып жүрген алтын құрсақты аналарымызды құттықтаған облыс әкімі, батыр аналарға денсаулық, отбасыларына амандық пен татулық тіледі.

Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін республикалық дәрежедегі 8 дербес зейнеткер, 196  Ұлы Отан соғысының ардагері мен 5543 «Алтын алқа» иегері  тұрады.

Бұдан бөлек, осы күні облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр 11 баланы тәрбиелеп отырған Сейтбековтердің отбасына барды. Балалардың анасы Мадина  Жүсіпбаева бүгінде «Алтын алқа» иесі.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі